Н. Назарбаев түркі дүниесінің астанасы Түркістанға барды
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Қазақ хандығына арналған мемориалдың ашылу салтанатына қатысты. Киіз үй пішіндес кешендегі 21 уыққа Жәнібек пен Керейден бастап Кенесары Қасымұлына дейінгі қазақтың 21 ханының есімі жазылған. Ал ортада тұрған 12 метрлік асатаяқтың түбіне төрт тау текенің мүсіні орнатылған. Осы жерге Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы Дала бірлігі» капсуласын салды. Оның ішінде Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі қасиетті жерлердің топырағы бар. Бұдан бөлек Нұрсұлтан Назарбаев «Тұңғыш Президент саябағын» абаттандыру жұмыстарымен танысты. Түркістан жыл санап саялы мекенге айналып келеді. Облыс орталығы атанғалы қалада 18 саябақ, 20 аллея салынды. 300 мыңнан астам ағаш егілген. Шаһардың іші ғана емес, сырты да жасыл желекке айналып келеді. 13 мың гектарлық алқапта «жасыл белдеу» болады.
Сонымен қатар Елбасы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жанындағы ботаникалық бақты аралап көрді. Жергілікті жұрт «Яссы бағы» деп атайтын аумақта ағаштың, өсімдіктің бірнеше түрі егілген. Германия мен Бельгиядан әкелінген көшеттер де тез жерсініп кетті. Қазір бұл саябақ көпшілік қыдыратын орынға айналды. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев «Күлтөбе қалашығы» археологиялық саябағы жобасымен танысып, «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорығы аумағында орналасқан этноауылға барды. Сапар барысында Елбасы бірнеше нысанды аралап көрді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- 2018 жылдың маусым айында Шымкент қаласын «миллион тұрғыны бар қала, орталыққа бағынатын қала» деп бөліп, Түркістан облысын құрып, сол облыстың орталығын «Түркістан қаласы» деп Жарлыққа қол қойғанымды білесіздер. Бар болғаны 3 жылға да жеткен жоқ, 2018 жылдың аяғына дейін ұйымдастыру мәселелерімен шұғылдандық. Бүкіл Қазақстандағы ауқатты жігіттерді жинап, мемлекетке тапсырма беріп, бірінші бағдарламаны жасадық. Соның арқасында екі жыл ішінде 257 ғимарат іске қосылды. Қазақстанның 30 жылдағы жеткен жетістігі жер мен көктей. Сол сияқты бұл – елдің астанасын салумен тең.