Қ. Тоқаев жерді шетелдіктерге сатпау және жалға бермеу туралы заңға қол қойды
Осылайша, жерді шетелдіктерге сатпау жөніндегі шешім заң жүзінде бекіді. Мұндағы мәселе ауыл шаруашылығы мақсатындағы алқаптарға қатысты. Яғни егін егіп, мал бағатын жер Қазақстан азаматтығы жоқ және құрамында шетелдіктер бар компанияларға берілмейді.
Көпшіліктің көкейін кернеген күдік-күмән біржола сейілді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұртты алаңдатқан жер мәселесіне қатысты іске нүкте қойды. Дәлірек айтсақ, қол қойды. Маңызды құжатта жерді шетелдіктерге сатпау және жалға бермеу тармағы тайға таңба басқандай көрсетілген. Сондықтан бұдан былай дүйім елді дүрбелеңге салуға еш негіз жоқ. Президенттің пәрменіне оның көмекшісі осылай деп пікір білдірді.
Ерлан Қарин, ҚР Президентінің көмекшісі:
- Іс жүзінде Президенттің жер туралы заңы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдіктердің сатып алуына және жалға алуына тосқауыл қойды. Бұл – биліктің түрлі дақпырт пен қауесетке берген нақты жауабы. Сондықтан осы мәселе бойынша жұртты дүрбелеңге салуға бұдан былай еш негіз жоқтығына тағы да баса назар аударғым келеді.
Енді заң жүзінде қазақ жеріне көз алартқан шетел азаматтарының әрекеттеріне тосқауыл қойылады. Жаңа заң жобасы 2016 жылға дейін жалға берілген жерлерді пайдалану құқығын реттейді. Ол кезде жерді 10 жылға дейін игеруге уақыт беретін. Мұндай мүмкіндікті осыған дейін 7 шетелдік кәсіпорын мүлт жібермеген. Қазір жалға алған екі компания ғана қалды. Біреуінікі – биыл, екіншісінің мерзімі – 2025 жылы аяқталады.
Гүлжахан Бимендина, ҚР АШМ жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары:
- Өйткені ондай компаниялар бізде көп емес. Шетелдік компаниялар мораторийға дейін алынып қойған екі-ақ компания бар. Олар – біздің қадағалауымызда. Компаниялардың біреуі биыл бітеді, екіншісі 2025 жылы бітеді.
Қазір Президенттің бұл батыл әрекеті әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Қоғам белсенділері: «Бұл – халықтың жеңісі», – деп пікірлерін білдіруде. Қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан: «Мемлекет басшысының саяси шешімі ұзақ жылдарға созылған мәселеге түбегейлі нүкте қойды», – деп есептейді.
Мұхтар Тайжан, қоғам қайраткері:
- Президент Тоқаев мырза өз шешімімен мына мәселені жауып тастап отыр. Ол халықтың үлкен жеңісі деп білемін. Баршаңызды құттықтаймын. Енді мына ауыл шаруашылығына арналған жерлер, яғни Қазақстан аумағының 80% шетелдіктерге және шетел азаматтарына, мұнымен қоса, Қазақстанның заңды тұлғасының кез келген жерде шетелдіктердің үлесі болса, ондай заңды тұлғаларға сатылмайды, жалға берілмейді.
Енді жерді азаматтығы бар ел тұрғындарының сатып алуы мен жалға алу ісі тұр. Алдағы уақытта комиссия мүшелері бұл мәслені де талқылайды. Бұдан бөлек жерді пайдалану құқықтары да реттеледі. «Аталған бағыттарды жөнге келтіруде аса қиындық туындамайды», – дейді сарапшылар. Себебі бүгін ең маңызды міндет айқындалды.