Қ. Тоқаев Өзбекстанның Премьер-Министрі Абдулла Ариповты қабылдады
Президенттің пікірінше, жоғары деңгейдегі белсенді диалог пен үкіметтер арасындағы тығыз ықпалдастық өз жемісін беріп жатыр. Дегенмен үкіметтердің жұмыс қарқынын бәсеңдетуге болмайды. Мемлекет басшысы коронавирус кезеңінен кейінгі екі ел арасындағы сауда-экономикалық ықпалдастықты арттыру үшін барлық әлеуетті жұмылдырудың маңызды екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Екі мемлекет арасындағы ынтымақтастық менің Өзбекстанға жасаған сапарым кезінде құрметті әріптесім Шавкат Миромонұлы Мирзиёевпен келіссөздер барысында қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес жоғары деңгейде әрі табысты дамып келеді. Біз бауырлас Өзбекстанмен ықпалдастықты дамытуға баса мән береміз. Өйткені мұны Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтаудың маңызды факторы деп санаймыз. Екі ел арасындағы ынтымақтастықты әртүрлі бағытта, ең бастысы, мазмұндық тұрғыдан ілгерілететін бірлескен бірқатар жобалар бар. Өкінішке орай, Орталық Азияда жағдай үнемі тұрақты емес. Біз оны көріп, бақылап жүрміз. Ең бастысы біздің байланысымыз оң сипатта әрі тұрақты. Бұл біздің мемлекеттер өз міндеттерін үлкен жауапкершілікпен атқарып келе жатқанын көрсетеді. Және біздің ынтымақтастығымыз тек тілек пен ниетпен шектеліп жатқан жоқ, оның экономикалық негізі бар. Бұл өте маңызды.
Абдулла Арипов, Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі:
- Шавкат Миромонұлы мен Сіздің, Қасым-Жомарт Кемелұлы тұрақты әрі өзара сенімге негізделген қарым-қатынастарыңыздың арқасында көпжақты қазақ-өзбек ынтымақтастығы сәтті жалғасып келеді. Алдағы жылдары өзара сауда-саттық көлемін 10 миллиард долларға жеткізу міндетін жүктедіңіздер. Екі ел үкіметтері осы межеге нақты қол жеткізуді көздейді.
Кездесу соңында Қазақстан Президенті Өзбекстанның Премьер-Министрі Абдулла Ариповті қазақ-өзбек байланыстарын дамытуға және достық арқауын нығайтуға қосқан үлесі үшін ІІ дәрежелі Достық орденімен марапаттады.