Елімізде бизнес өкілдерін заңсыз тексерістерден қорғауды күшейтетін заң қабылданады
Бұған қоса, депутаттар жер қатынастарына қатысты кезекті бір құжатты құптады. Оған сәйкес қазақстандықтарға ауыл шаруашылығы жерлері қалай берілетіні белгілі болды.
Елімізде жерді шетелдіктерге жалға беруге, сатуға тиым салынған заң қабылданғаны белгілі. Мәжіліс депутаттары жерге қатысты тағы бір құжатты мақұлдады. Бұл да Президенттің тікелей тапсырмасы. Енді жер қатынастары туралы кезекті құжатқа сай ел азаматтарына ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді 49 жылға жылға беру заңмен бекітілді. Жерді жеке меншікке беру 5 жылға тоқтатылады. Заң жобасы мал жайылымдары тапшылығы мәселесін де шешуі тиіс. Халықтың мұқтаждығын қанағаттандыру мақсатында қажетті жайылым алқабының шекарасы тиісті жоспарда айқындалмақ.
Қайнар Абасов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұрын жекелеген тұлғалардың пайдалануына берілген жер учаскелері жеке ауладағы малды жаюға арналған жерлерде болса, осындай жер учаскелерімен не істеуді жоспарлап отырсыздар?
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы:
- Малдың санына байланысты шекарасы белгіленеді, бірақ ол жер бұрын жеке меншікке берілсе, онда оған бағалау жүргізіледі, кейін сатып алынады, ал мысалы, ол жер жалда болса, «100 гектар» дейік, онда сондай тең 100 гектар басқа жерден беріледі.
Құжатқа сай сондай-ақ жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау функцияларын әкімдіктерден жер ресурстарын басқару комитетіне қайтару қарастырылып отыр. Министрлік мәліметіне сай 2014 жылы бұл өкілеттілік әкімдікке берілген, алайда күні бүгінге дейін қордаланған мәселелер көбейіп кеткен. Аумақты жерлер өңделмей қалып, тіпті кей ауылдарда көлемді жерлерді бір адам иемденген. Яғни жерді пайдалану бойынша олқылықтар көп. «Сол себепті бұл түзету оны қорғауға бақылауды күшейтеді», – деді Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин. Спикердің айтуынша, жер учаскелері бойынша ақпараттың ашықтығы да артпақ. Сондай-ақ мәжілісмендер өздері әзірлеген әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске қатысты құжатты да мақұлдады.
Гүлнәр Бижанова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Мемлекет басшысы қыркүйек айындағы Жолдауында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауды күшейтуге ерекше назар аударды. Заң бойынша прокурорға өз қаулысымен барлық заңсыз шешімдердің күшін тез арада жою, сондай-ақ мемлекеттік органдардың негізсіз актілерін тоқтата тұру құқығы берілген. Алайда оларды орындамағаны үшін әкімшілік жауаптылық көзделмеген. Осыған байланысты біз прокурордың қаулысын орындамағаны үшін әкімшілік жауаптылығын белгілеуді ұсынамыз.
Бизнесті заңсыз тексергендері үшін лауазымды тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту уақыты 2 айдан бір жылға ұзартылды. Себебі осы күндері уақыттың аздығынан көп шенеунік жазадан сытылып кетуде.
Снежанна Имашева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Әкімшілік құқық бұзышылық туралы кодекстің 62-ші бабына толықтыру енгізіліп отыр. Яғни кінәлі жауапты тұлғаларды әкімшілік жазаға тарту уақыты 1 жылға ұзартылды. Бұл түзету қазіргі жағдайды өзгертеді ме?
Әсет Шындалиев, ҚР Бас прокурорының орынбасары:
- Былтыр прокурорлар мемлекеттік органдар тарапынан бизнеске жүргізілген тексерістерді бақылады, 100 шақты құқыбұзушылық анықталды. Алайда тек 17 қызметкерді ғана жазаға тарту мүмкін болды. Себебі кәсіпкерлер шағымдану мерзіміне қатысты ақпаратты біле бермейді. Депутаттар 1 жылға ұзартуға қатысты түзетуін қолдаймыз.
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, жаңа заңға енгізілген өзгерістер отандық кәсіпкерлерді заңсыз қысымнан қорғауы тиіс. Айта кетейік, құжатта прокуратура бұдан былай кәсіпкердің шағымын өзге мемлекеттік органдарға бағыттамай, бірден жұмыс жүргізе алатыны айтылды. Депутаттар осындай арнайы норма қосты.
Авторы: Индира Жылқайдарова