Қ. Тоқаев ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысты
Өйткені ұйымға мүше елдерді тонның ішкі бауындай біріктіру үшін тарихи байланыстарды нығайта түсу маңызды. ТМД ұйымына мүше мемлекет басшылары кеңесінің кезекті отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осындай бастама көтерді. Атаулы жылдың аясында мәдениет, туризм және спорт саласын қамтитын 100-ден аса іс-шара өтеді. Ал ТМД-ның мәдени астанасы эстафетасы Душанбе қаласынан Молдованың Комрат қаласына өтеді. Бұл апта Президенттер үшін қауырт аптаның бірі болды. Отырысқа қатысып отырған олардың кейбірі күні кеше ғана дәл осылай онлайн үстелдің басында жиналып еді. Бейсенбіде Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысын өткізсе, бүгін достастық елдері арасындағы ауқымды мәселелерді талқылады. Биылғы жиынның төрағалығы Беларусь тарапында. Кезекті бас қосу Тәуелсіз мемлекеттер Достастығының 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.
Александр Лукашенко, Беларусь Республикасының Президенті:
- Кеңес Одағының мәжбүрлі түрде күйреуіне қатысты әр түрлі көзқарастар бар. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру сол бұрынғы кеңестік республикаларды экономикалық құлдыраудан қорғайтын ең дұрыс шешім болды. Отыз жыл ішінде біз күрделі қалыптасу жолынан өттік және халықаралық қауымдастық мойындаған аймақтық ұйымға айналдық. Ұйымға төрағалық ету барысында біз бірыңғай экономикалық кеңістікті дамытуға, өзара сауда тиімділігін кеңейтуге және тауарлардың еркін саудадағы кедергілерді жою бойынша жұмыстар жүргізілдік.
Сауданы дамыту – басты міндет. Алыс-беріс көбейсе, экономика жақсарады деген сөз. Бірақ халықаралық ұйымның дерегі бойынша достастық елдерінің аймақішілік тауар айналымы 91 млрд доллар екен. Бұл – әлемдік сауданың бар болғаны 0,5%. Бірақ Достастық елдерінің әлеуеті бұдан да зор. Тек «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» білсе болғаны.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- ТМД елдері арасындағы өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтуге баса мән беру керек. Осыған байланысты Өнеркәсіптік кешендерді дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа бағдарламасын әзірлеуді және Көрсетілетін қызметтер саудасы туралы келісімге қол қоюды ұсынамын. Сонымен қатар ортақ аграрлық нарықты қалыптастыруды өзекті деп санаймын. ТМД мемлекеттерінің азық-түлік жүйесін дамыту жайлы стратегиясын әзірлеу біздің ортақ мүдделерімізге сай келеді.
Ковидпен күресте ұйымға мүше мемлекеттер жеке дара қимылдамай, бір-біріне көмек қолын соза білді. Енді жаппай вакциналауда да өзара қолдау қажет-ақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстандық QazVac вакцинасы өзінің жоғары тиімділігін дәлелдеді. Жаңа препарат клиникалық сынақтардан сәтті өтуде. Тағы үш вакцина клиникаға дейінгі сынақ сатысында. Сіздердің елдеріңіз де осы салада белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын білемін. Қазақстан тәжірибе алмасуға және өз вакциналарын жеткізуге дайын. Сондай-ақ ТМД кеңістігінде вакциналау паспорттарын өзара мойындауды жеделдетуді ұсынамын. Бұл өзара сенім мен ынтымақтастықты көрсететін маңызды сәт.
Өзара сенімнің сыналар тағы бір сәті туып тұр. «Ауғандағы ушығып тұрған ахуалға байланысты ТМД елдері қауіпсіздік саласында өзара ақылдасып, бірлесе әрекет етсе», – дейді біздің Президент. Әңгіме адам қауіпсіздігі туралы болғанда саяси ұстаным да жеке мүдде де, наным-сенім де кейінгі орынға шығуы тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ауғанстанды теңдессіз қиындықтармен жалғыз қалдырмауымыз қажет. Қазақстан қазірдің өзінде азық-түлік пен ең қажетті тауарларды жеткізуге кірісіп кетті. Бұл жұмысты жүйелеу үшін Ауғанстанға халықаралық көмек көрсету жөніндегі логистикалық хаб құруды ұсынамыз. Дағдарыстың өткір кезеңін еңсергеннен кейін де Ауғанстанға Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан жүйелі қолдау қажет болары сөзсіз. Сондықтан біз Алматыда Біріккен Ұлттар ұйымының өңірлік орталығын құру туралы бастаманы қолға алдық. Достастық елдері осы жоспарларды жүзеге асыруға жәрдем береді үміттенеміз.
Президент тек классикалық сын-қатерлер ғана емес, табиғи және техногендік сипаттағы тәуекелдерден келетін қауіптің зор екеніне тоқталды. Әсіресе трансшекаралық өзендердің суын пайдалану, көміртегін аз қолданатын экономикаға көшу мәселесі өзекті боп тұр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Өткен жылы 2 млрд адам қауіпсіз ауызсуға қол жеткізе алмай қиындыққа ұшырады. Демек ТМД кеңістігіндегі трансшекаралық өзендерді пайдалануда кездесетін проблемаларды шешетін кез жетті. Жаһандық жылынумен күрес кезеңінде көміртекті экономикаға көшу мәселесі де өзекті болып отыр. Бұл үшін Достастық елдері технологиялық және экономикалық тұрғыдан күрделі трансформациядан өтуге тура келеді.
2022 жылы ТМД-ға біздің ел төрағалық етеді. Таяу арада оның арнайы Тұжырымдамасы құжат түрінде бекиді. Ортақ мақсатқа қол жеткізуге бағытталған Қазақстанның ұстанымы осы құжатқа басылатын болады.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Бақытбек Нұртаев