Елбасы Nur Otan партиясының тізгінін Президентке берді
Өкілеттіктерді тапсыру рәсімі партияның Жарғысына сәйкес орындалады.
Nur Otan – маңдайалды партия, жетекші саяси күш. Өркендеуді мұрат тұтқан елдің әр жетістігінің басы-қасында жүретін бірлестіктің қызметі осы анықтамаға толық сай келеді. Қиын замандардың кез келген кедергісінен қаймықпай өтіп ысылған, мол тәжірибе жинаған Nur Otan партиясының алдағы бағыт-бағдары айқын.
Партияның ұстанымы нық. Әрбір бастама даму, реформа және азаматтық қоғам дейтін үштағанмен ұштасып жатыр. Ал мұның бәрі түптеп келгенде әлеуметтің әл-ауқатын жақсартуға септесуге тиіс. Әуелгі мақсат осы болатын. Қазір де партияның көздегіні осы.
Әр азаматқа лайықты өмір үшін өзгерістер жолына түскен партияға қатысты Елбасы тарихи шешім қабылдады. Елбасының бұл шешімін баспасөз хатшысы Айдос Үкібай былай деп түсіндірді.
«Атқаратын лауазымына, құқықтарына қарамастан, Нұрсұлтан Әбішұлы ұлтымыздың Көшбасшысы – Елбасы әлем мойындаған қазіргі заманның көрнекті саясаткері, беделді тұлға болып қала беретінін түсіну керек. Заманауи Қазақстанның негізін қалаған, жанын салып, бүкіл өмірін елге арнаған адамның әрқашан халық мүддесін ойлап, еліміздің болашағы үшін алаңдайтынын бәрі түсінеді деп ойлаймын. Елбасының бұл ұстанымы өзгермек емес. Бүгінгі шешім – билік транзитінің қисынды жалғасы ғана».
1999 жыл. Сол кездегі «Отан» Республикалық саяси партиясының бірінші құрылтайы. Партия әуелден елдің тұрмысын түзеуге септесетін экономикалық және саяси реформаларға мән берді. Қос ғасыр тоғысар тұста құрылған қазіргі Nur Otan қыруар іске ұйытқы болды. Партияның қалыптасуы, дамуы, елдің сеніміне ие болуы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:
- Осы уақыттың ішінде мемлекетіміз Сіздің, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, көреген, салиқалы саясатыңыздың арқасында барлық салада үлкен табысқа жетті. Елбасы Қазақстанды барлық қиындықтан аман-есен алып шығып, абыройы асқақ, беделі жоғары, өркениетті ел қатарына жеткізді. Осы табыстарымызды қазіргі уақытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жалғастырып, елімізді одан әрі дамыту жолында тиімді реформалар және нақты қадамдар жасап келеді.
Айта кетейін, Жарғыға сәйкес, Nur Otan партиясының Төрағасын сайлау мен оны лауазымынан босату Партия съезінің ерекше құзыретіне жатады. Оған дейін Нұрсұлтан Назарбаев партия Төрағасының қызметінде қала береді. Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында Елбасы «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағиданы ұсынды. «Бұл отыз жылдық белесті елмен бірге өткерген Елбасы ретіндегі менің жас ұрпаққа жолдар үндеуім деп қабылдаңыздар», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Әуелгісі – Тәуелсіздік. Жер жүзінде өз алдына дербестігі жоқ қанша ұлт пен ұлыстың барын ескерсек, еселі еңбекке арналған отыз жыл ұлт тарихында алтын әріппен жазылары анық. Жер – ата-баба мұрасы, халық қазынасы. Ал отбасы мен салт-дәстүр – қоғамның алтын діңгегі. Ұлттық мәдениет – халықтың рухани тірегі болса, білім мен еңбек – бақуатты өмірдің кілті. Елбасы әр қағидаға жеке тоқталды. Соңын прагматизммен түйіндеді.
Авторы: Дархан Әбдуахит