Қ. Тоқаев: лаңкестер Алматы мен 9 облыс орталығына қауіп төндірді
Алайда олар Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының үш әскери-көлік ұшағының келгенін біліп, кейінге шегінді. Нәтижесінде еліміз қосымша күшті Алматыға жіберіп, оларға тойтарыс бердік. Ұйымның отырысында Қасым Жомарт Тоқаев осылай деді. Президент бірлестіктің 2030 әскері мен 250 техникасы елімізге қолғабыс еткенін атап өтті. Осылайша, ұйым әскери-саяси орган ретінде өз тиімділігін дәлелдеді. Өкінішке қарай, дүрбелең салдарынан отандық қарулы күштердің 16 қызметкері қаза тапты. Әскерилер елімізді қорғауға бар күшін салды. Бұл ретте Мемлекет басшысы лаңкестердің тыңғылықты дайындалғанын айта келе, олар тіпті мәйітханаға дейін басып кіріп, өз жақтастарының денесін алып кетпек болғанын жеткізді.
Алматыда Полиция департаментінің маңындағы ұрыс 2 түнге созылған. Бірақ құқық қорғаушылар лаңкестердің шабуылына тойтарыс берді. Президент ҰҚШҰ отырысында осы жайтты да атап өтті. Қаскөйлер оңтүстік шаһардағы 7 қару дүкенін басып алған. «Бұл – тыңғылықты дайындықтан өткен арнайы винтовкалары бар снайперлердің әрекеті», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен қатар лаңкестердің жеке байланыс құралы болғаны да анықталды. Ең сорақысы, әскерилер мен құқық қорғаушылардың киімін киіп, бүлікшілердің арасына жасырынып кірген. Сөйтіп, оларды қалқан ретінде қолданған. Шабуыл жасаған бандиттердің саны әскери қызметшілерден 5 есе көп болған. Олар бұл жағдайды пайдаланып, ел тыныштығын күзеткен полицейлерді асқан қатігездікпен азаптады. Өкінішке қарай, екеуінің басын кесті.