Үкімет отырысы: 15 трлн теңге батыс өңірлерді дамытуға жұмсалмақ
Құжатқа сәйкес, Ақтөбе, Атырау, Ақтау және Батыс Қазақстан облысы әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан жан-жақты қамтылады. Халық таза ауызсуды қанып ішіп, сапалы жолмен қалағанша жүреді. Электр желілері мен ірі нысандар қалыпқа келтіріледі. Үкіметте батыстың әкімдері бірінен соң бірі аймақтың ахуалын тіктейтін жобаларды таныстырды. Айтқандары құлаққа жағымды. Енді «сөзден іске» жүйесі іске қосылса болды.
Жадырап емес, жабырқап келген Жаңа жыл қазақ халқын тағдырдың сан түрлі сүрлеу-соқпағынан өткізді. Қирады, бүлінді, өртенді, тіпті өлімге қиды. Тарих куә, осындай қасіретті, қанды қасап, қым-қиғаш өзгерістердің соңы дамудың жаңа кезеңіне жетелейді. Барлығы біледі. Батыста басталған бастама «сең» соққан балықтай бәрін есеңгіретті. «Сең қозғалды, сен де қозғал» дегенге ерді ме екен, әйтеуір әкімдер де қозғалды. Аймақ басшылары батысты дамытудың жоспарын таныстырды. Бүгінгі сөз ертең іске айналмаса, енді ағайын алдағанды кешірмейді.
Оңдасын Оразалин, Ақтөбе облысының әкімі:
- Кешенді жоспардың жаңа жобасына халықтың әлеуметтік осал топтары мен көпбалалы отбасылар үшін тұрғын үй салу, денсаулық сақтау объектілерінің құрылысы және білім беру объектілерін жаңғырту сияқты әлеуметтік маңызы бар жобалар қосылды. Жаңа жұмыс орындарын құру және инвестиция тарту мақсатында ірі инвест жобаларды іске асыру жоспарлануда.
Көптің көксегені осы. «Өз елім менің» деп жүріп, өз үйінің жоқтығы өзекті өртейді. Бұл ретте көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік осал топқа жататын азаматтарды баспанамен қамту басты назарда болғаны дұрыс. Ал он екі мүшесі сау адамның тілегі – екі қолына бір күрек ұстау. Жай ғана емес, істегеніне орай «күреп» табатын «күрек» керек. Сонда ғана ол тірліктен тілемші болмай, баспана, бала-шағасына жеткізеді. Бұны әкімдер де айтты. Айтты да: «Алдымен аймақтағы басты мәселелерді шешу керек», - деді.
Ғали Есқалиев, БҚО әкімі:
- Аймақты тауарлық газбен қамтамасыз ету. Сондай-ақ маңызды мәселелердің бірі – электр желілері мен автомобиль жолдарын жөндеу. Біздің облысымызда электр желілері мен автомобиль жолдары еліміздің басқа батыс аймақтарымен салыстырғанда ең ұзын екенін айта кеткім келеді. Тағы да маңызды мәселенің бірі - Орал және Ақсай қалаларындағы жылумен, сумен жабдықтау желілері, кәріздік тазарту құрылғыларын қайта жаңарту осы қалалардағы тіршілік ету объектілерінің жұмысын тұрақтандыруға мүмкіндік береді.
Батыс аймақтың басшыларын тыңдап отырсаң, қордаланған мәселе көп. Газ, жылу, жол, баспана, жұмыс сияқты кезек күттірмейтін түйіткілдер Атырауда да бар. Қызыл балықты қанша бағып-қақса да, қызығын көрмей, дәлірек айтсақ, көре алмай жүргені бесенеден белгілі. Аймақ басшысы атыраулықтардың аузынан ақ май ағызбаса да, ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнесті дамытып, жол мен судың сапасын 95% дейін жеткіземін деген уәдесін берді.
Махамбет Досмұхамбетов, Атырау облысының әкімі:
- Жоспарымыз – Атырау қаласында сарқынды суларды тазарту мен ауызсумен қамтуды 90% дейін жеткізу. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 95% дейін арттыру. Жаңа жобалар бойынша негізгі капитал 8,3 трлн инвестиция тарту жоспарланып отыр.
Өрелі өлшемге сай, өрнекті әрі өзекті мәселелерді көтерген маңғаз Маңғыстаудың мұқым елі талап-тілегін әлдеқашан айтып қойған. Өңір әкімі соны қайталап берді. Нұрлан Ноғаев кездескен һәм кездесетін кедергілерден аптықпай өтуге мейлінше әзір. Себебі жұрт ескі жолды жамап, болмаса қираған нысанды сылап-сипап, жаңалап қойғанға көнбейді. Олар сапалы істі ғана күтеді. Енді ше?! Қазба байлықтың қақ ортасында отырған мұнайлы өңірдің халқы әлі күнге дейін ішуге жарамды суға жарымай отыр.
Нұрлан Ноғаев, Маңғыстау облысының әкімі:
- Демографияның өсу үрдісі қолжетімді баспанамен қамту және өңірдің инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударуды талап етеді. Бұл мақсатта тұрғын үй салу, жолдардың сапасын жақсарту, газбен, электрмен, жылумен жабдықтау объектілерін салу және реконструкциялау шаралары жүргізіледі. Сонымен қатар өңір үшін ең маңызды мәселе – ауызсу тапшылығын кезең-кезеңімен шешу үшін кешенді жоспарда жалпы су тұщыту қуаты 260 мың текше метрді құрайтын тоғыз жобаны және 12 ауылдық елді мекенді ауызсумен қамту жүзеге асырылады.
Ауызсу, жол, газ, жұмыс. Осы төртеуі түгел болса төбедегі келеді. Батыстың төрт әкімі төрде отырып, төрт тақырыпты қайта-қайта жіпке тізді. Бір-бірін толықтырып тұрған төрт жоба тең болса ғана, ел кем болмайды дегенді меңзеді. Бұдан бөлек, электр, туризм, денсаулық сақтау, баспана, білім беру, кәсіпкерлік сынды бағыттар сөз болды. Жұрттың жыртығын жамайтын жобалар қомақты қаражатты талап етеді. Ұлттық экономика министрі: «Батыс өңірді дамытудың кешенді жоспарына 15,3 трлн теңге бөлінеді», - деді. Атырауға 8,9 трлн, БҚО – 2,6 трлн, Маңғыстауға – 2,1 трлн, Ақтөбеге – 1,7 трлн теңге беріледі. Ақшаның көбі жеке инвесторлардан тартылады. Сосын республикалық, одан кейін жергілікті бюджеттің қаржысы қолданылады.
Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарын дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған жаңа кешенді жоспарлары әзірленді, сондай-ақ қолданыстағы Атырау және Маңғыстау облыстарын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарлары өзектендірілді. Батыс өңірлерді дамытудың төрт кешенді жоспарын қаржыландырудың жалпы көлемі – 15,3 трлн теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 1,7 трлн теңге бөлінеді.
Әкімдер мен министрді мұқият тыңдаған Үкімет басшысы құжатты мақұлдады. Әлихан Смайылов тұрғындардың тұрмысын тіктеу аса маңызды екенін айтты. Себебі батыс өңірлердің еліміздің дамуына қосып жатқан үлесі қомақты. Сондықтан халықты жан-жақты қолдау басты назарда екенін еске салды.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Құжаттарда негізінен бюджеттен тыс қаражатты тартуға басымдық беріліп отыр және бұл өте құптарлық жайт екенін атап өткім келеді. Ең бастысы, өңір халқы оң өзгерістерді барынша сезінуі керек. Болашаққа сеніммен қарап, жұмыс істеп, табыс тауып, өздерінің бизнестерін дамытып, жақсы емделіп, сапалы білім алуға тиіс. Халықтың тұрмыс сапасын айтарлықтай жақсарту үшін барлық мүмкіндікті пайдалану қажет.
Бұйырса, үміттің үлгісі бар. Бекітілген жоспар 2025 жылға дейін жүзеге асуға тиіс. Сынаптай сырғыған уақыт үшін 3 жыл қас-қағым сәтпен тең. Сондықтан жедел шешім, жылдам қимыл ғана уақытты ырыққа көндіруге мүмкіндік береді.
«Жаңа Қазақстанның» қабырғасын қалау – әркімнің міндеті. Өзгеріс өзімізден басталуы керек. Жер біздікі, ел біздікі, ендеше, оның «проблемалары» да біздікі. «Жұмыла көтерген жүк жеңілдің» жарқын мысалын осы батыстағы ағайын талай рет дәлелдеді. Сондықтан халық билікпен ықпалдаса жұмыс істеуге дайын. Ең бастысы, бөлінген қаражат «аман-есен» діттеген жеріне жетсе болды.
Авторы: Бірлік Берікұлы