Қ. Тоқаев: партия орындалмайтын, мүмкін емес, тау қопаратын уәдені бермеу керек
Бұл шешімді ол бүгін өткен Партияның кезектен тыс XXI Съезінде қабылдады. Бірақ Президент алдағы уақытта Партия төрағалығынан кетуі мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл мәселеге жыл соңында қайта оралатын болды. Сондай-ақ Бауыржан Байбек атқарып отырған «партия Төрағасының бірінші орынбасары» деген лауазым да бұдан былай алынып тасталуы мүмкін. Мемлекет басшысы бұл лауазымды «Атқарушы хатшы» қызметімен алмастыру керектігін айтты. Трансформация мұнымен тоқтамайды, Тоқаев Nur Otan-ды толығымен жаңартуды ұсынып отыр. Бұл жеңіл-желпі өзгеріс емес, түбегейлі қайта құру болуы тиіс. Өйткені Президенттің пікірінше, партияның құрамында нағыз көшбасшы адамдар жеткіліксіз. Депутаттардың кеудесіне тағатын төсбелгі олардың жоғарғы элитаға жататындығының көрінісі емес. Бұл – оның ел мүддесі үшін қызмет ететіндігінің белгісі. Бірақ олардың халық алдында абыройы қалмады. «Әсіресе Қаңтар оқиғасында біз бұған айқын көз жеткіздік», – деді. Қазір елде партияның 238 қоғамдық қабылдауы бар екен. Бірақ олар тиісті жұмысын істеп жатқан жоқ. Бұқараның базынасын тыңдауда партия мүшелері тым енжар.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- 2021 жылдың қорытындысы бойынша Үкімет партияның сайлауалды бағдарламасындағы бастамалардың 74% орындалғанын айтты. Оның іc жүзінде орындалғанына кім кепіл береді? Партияның өмірлік маңыздылығы оның сайлауалды уәдесін қаншалықты орындағанымен байланысты. Алдағы уақытта біз осыны түсінуіміз керек. Менің көзімнің жеткені, партия орындалмайтын, мүмкін емес, тау қопаратын уәдені бермеу керек. Дұрысы – аз да болса, уәденің орындалуы. Партия берген уәдесін қатаң әрі сапалы орындау қажет. Ол үшін керекті ресурстың бәрі бар.
Президент «Қазақстан Халқына» қорына әлі күнге дейін көк тиын аудармаған кейбір қалталыларды да сынға алды. Қайырымдылық акциясына қатысуға асықпай жүргендердің әрекетін ашкөздікке балады. Кезектен тыс съез жабық режимде өткенін айта кету керек. Президенттің Твиттерде таратқан мәліметі бойынша жиында Nur Otan партиясы саяси кеңесінің жаңа құрамы бекітілді. Тізімге 92 адам енген, арасында Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева, Партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин мен Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев жоқ. Мемлекет басшысы жиында Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөлі туралы да айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Өткен заманды жоққа шығаратын, өз басшыларына шабуыл жасайтын халықтың болашағы екіталай әрі бұлыңғыр. Қателіктерге Америка президенттері мен Қытай басшылары да, тіпті қазір барлығы мақтап еске алатын сингапурлық көшбасшы Ли Куан Ю да бой алдырды. «Жұмыс істемейтін адам ғана қателеспейді» деген сөз бұрыннан белгілі. Сондықтан Тұңғыш Президенттің тиісті тарихи еңбегіне лайықты бағасын берейік. Ал кеткен қателіктер еліміздің келешек басшыларына сабақ болсын.