Қазақстан мен Мажарстан серіктестікті нығайтуға ниетті
Бұл туралы Президент елордаға іссапармен келген Мажарстанның Сыртқы экономикалық байланыстар және Сыртқы істер министрі Петер Сийяртомен кездесуде айтты. Мемлекет басшысы мажарстандық дипломатқа еліміздегі ауқымды саяси реформалар жайында, Конституцияға өзгеріс енгізу үшін референдум өтетіні жөнінде мәлімет берді. Мейман Мажарстанның Қазақстанмен стратегиялық серіктестікті нығайта түсуге ниетті екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Өзіңіз жақсы білесіз, Қазақстан екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуға аса зор мән береді. Бұл – біздің басым бағытымыз. Бірлесіп шешетін мәселе өте көп деп ойлаймын. Қазір әлемдегі жағдай күрделі. Елдеріміз үшін экономикалық мүмкіндіктерге жол ашылады деп сенемін. Қоян-қолтық жұмыс істей отырып, жаңа жетістіктерге жетеміз деген ойдамын.
Петер Сийарто, Мажарстан Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрі:
- Жаңадан сайланған президентіміз сіздің жолдаған құттықтау хатыңызға зор алғысын білдірді. Біздің халқымыз ұлттық мүддеге негізделген ел билігінің сыртқы саясатта ұстанған бағыт-бағдарын толық қолдап отыр. Осы тұрғыда Венгрия Қазақстанмен стратегиялық әріптестікті жалғастыруға дайын. Өйткені бұл біздің ұлттық мүддемізге толық сәйкес келеді.
Петер Сийяртоның сөзінше, Венгрия тұтынатын мұнайдың 16% Қазақстаннан жеткізіледі. Украинадағы ахуалға байланысты елде отын тапшылығы бола ма деген қауіп бар.
Қазір шикізаттың 65% «Дружба» мұнай құбыры арқылы Ресейден тасымалданады. Сол себепті Будапешт ЕуроОдақтың энергетикалық секторға қатысты санкцияларына қарсылық танытып отыр. Бұл туралы венгриялық саясаткер еліміздің Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен кездесуінде мәлімдеді.
Басқосуда тараптар екіжақты саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жайын талқылап, жаһандық және өңірлік мәселелер туралы пікір алмасқан. Айта кетейік, биыл екі мемлекет арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жыл толып отыр.