Мемлекет басшысы реформалар жөніндегі кеңес отырысын өткізді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысын өткізіп, күн тәртібінде тұрған өзекті 3 мәселені қарады. Оның ішінде Алматы агломерациясын дамыту жайы да болды. Тағы Мемлекет басшысы ерекше назар аударған тақырып «Жаңа экономикалық саясат» болды. Бұл ретте Мемлекет басшысы бұрын-соңды болмаған жаһандық сын-қатерлер жүргізіліп отырған экономикалық саясатты толығымен қайта зерделеуді талап ететіндігін айтты. «Сондықтан құжатты нақтылай түсіп, әрбір бағыт бойынша іске асырылуға тиіс экономикалық реформалар тізімінің үлгісі мен олардың мақсат-міндеттері көрсетілуі керек», – дейді Президент. Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры мен «Бәйтерек» холдингінің рөлін анықтау қажет.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе су пайдалану саласына қатысты болды. Бұл ретте Президент осы саладағы ведомствоаралық үйлестіру жұмыстарының нашар жүргізіліп жатқанын сынға алды. Қасым-Жомарт Тоқаев жиын барысында Колумбия климаттық мектебіне қарасты Жер институтының зерттеуін алға тартып, Тянь-Шань тауларында жауын-шашынның азаю қаупі бар екендігін ескертті. Ал бұл – суармалы егістіктер мен жайылымдарға қажетті тұщы судың тапшылығын тудырады деген сөз. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы су ағынының азаюы суды тиімсіз пайдаланудың салдарынан ушыға түскенін атап өтті. Сондықтан су ресурстары жағдайына мемлекеттік мониторинг жүргізуді күшейту қажет.
Президент жалпы ұсынылған тәсілдерді мақұлдап, талқылау нәтижелерін ескере отырып құжатты пысықтауды міндеттеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ағын сулардың режимі мен су қоймаларын зерттеу үшін 800 гидрологиялық бекет қажет болса, соның 310-ы ғана жұмыс істеп тұр. Толыққанды мемлекеттік су кадастры жоқ. Бұл су ресурстарының мөлшері мен сапасына мониторинг жасауға және экономиканың салаларын сумен қамтамасыз ету жөніндегі нақты теңгерімге қол жеткізуге мүмкіндік бермейді. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары жанынан 2015 жылы құрылған Су кеңесінің отырысы бір-ақ рет өткен. Алайда бұл кеңес пікір алмасатын Мәжіліс органы ғана емес, өзінің тиімділігін көрсетіп, шешім қабылдауы керек. Қазіргі мәселелерге баса мән беру сектордағы жағдайды қалпына келтіру үшін жүйелі шаралар қабылдауға мүмкіндік бермей отыр. Трансшекаралық өзендерде су бөлу мәселесі бойынша Қазақстанның келіссөз жүргізудегі ұстанымы әлсіз болуы осыған байланысты. Ішкі су саясаты мықты болмаса, көрші елдермен тиісті су дипломатиясын құру мүмкін емес.