1995 жылдан бері Ата Заңға 5 рет өзгерістер мен түзетулер енгізілген
Алғашқысы осыдан 27 жыл бұрын өткен. Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш Конституция 1993 жылы сол кездегі Жоғарғы кеңесте қабылданды. Ал қазіргі қолданыстағы Ата Заң 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық дауыс беру кезінде қабылданған. Құжатқа сәйкес, еліміз президенттік республикаға айналды. Екі палаталы Парламент – Сенат пен Мәжіліс құрылды. Конституциялық және Арбитраждық сот жұмысын тоқтатты. Елде тек Жоғарғы сот қалды.
Сонымен қатар Вице-Президент қызметі жойылды. Содан бері оған 5 рет түзету енгізілген. 1998 жылы 19 бап өзгерсе, 2007 жылы Конституцияға 30 түзету енгізілді. 2011 жылы тек 1 бап өзгертілді. Осыған сәйкес, кезектен тыс Президент сайлауын тағайындау және өткізу ережелері жаңарды. 2017 жылы Ата Заңдағы 19 бапқа 26 өзгерту енгізілді. Ал осыдан 3 жыл бұрын 2019 жылы Конституцияның 1 ғана бабы өзгертілді. Енді міне, референдум нәтижесі бойынша халықтың пікірі ескеріліп, 33 бап өзгеріске ұшырайды.
Айта кетейік, 1995 жылы Ата Заңда Президенттің өкілеттігі ұзартылған болса, биылғы ұсынылған түзетулерде керісінше Президенттің өкілеттігі қысқарады. Бұдан бөлек, Парламент пен мәслихаттардың рөлін күшейту, Конституциялық сот құру ұсынылды.