Мемлекет басшысы бірқатар қабылдау өткізді
Жоғары палата спикері Президентке елордада 14-15 қыркүйек аралығында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне дайындық барысы жөнінде ақпарат берді. Бұл шараға жоғары деңгейдегі діни және рухани көшбасшылар қатысады деп жоспарланған. Тағы Мәулен Әшімбаев Парламенттің VII шақырылымдағы 2-сессиясында Сенат атқарған жұмыстардың қорытындысы жөнінде де айтты. Қазіргі уақытта Парламент 68 заңды қабылдап, Мемлекет басшысының қол қоюына жолдады. Сенат депутаттары осы сессия барысында 18 заң жобасына бастамашы болған. Сонымен қатар Мемлекет басшысына Конституциялық реформалар аясында заң шығару процедурасын оңтайландыру үдерісі жөнінде ақпарат берілді.
Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін баспана құрылысын ұлғайту, жаңа мектептер салу арқылы үш ауысымды оқу проблемасын шешу, автомобиль көпірлері мен жолдар салу, газ тарту мәселесі және тұрғын үй алаптарын дамыту. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Мемлекет басшысына елорданың алты ай ішінде әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы туралы ақпарат берді. Қазір қала тұрғындары тәулігіне 300 мың текше метр су тұтынады, ал қазір салынып жатқан сорғы-сүзу станциясын іске қосу арқылы 100 мың текше метрден астам қосымша су беру мүмкіндігі бар екен. Сондай-ақ биыл елордада тағы 200-ден аса аула мен қоғамдық демалыс орындары жаңартылады. Қасым-Жомарт Тоқаев бас қаланың әкіміне қала тұрғындарының түйткілді мәселелерін жүйелі түрде шешуді тапсырды.
Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:
- Президентіміз елорданың инфрақұрылымдық даму мәселесіне баса назар аударуды тапсырды. Мысалы, ол – жылу желілерін уақытылы іске қосу. Сонымен бірге инженерлік желілер. Яғни электр желілерімен қамтамасыз ету, жаңа құрылыс аудандарында тиісті инженерлік инфрақұрылымды дамыту, көпірді уақытылы іске қосу. Сонымен қатар ең негізгі мәселе – қала халқы санының өсуіне байланысты қолжетімді баспана қарқынын дамыту.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевті қабылдады. Өңір басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа аймақтың қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен даму перспективалары жөнінде баяндама жасады. Оның айтуынша, қазіргі кезеңде облыстың экономикасында оң өзгерістер байқалады. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы саласының даму көрсеткіші – 102,8%, өңдеу өнеркәсібінің өсімі – 105,2%, сауда – 103%, құрылыс – 114,3% артқан. Президент жаңа әкімге облыс тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына, үш ауысымдық мектептерге, ирригациялық жүйелерді жаңартуға, медицина және қоғамдық көлік мәселелерін шешуге қатысты бірқатар міндет жүктеді.
Ақордада Президент Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевты да қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа өңірдің қазіргі жағдайы туралы мәлімет берілді. Облыс әкімі жылумен жабдықтау, жылу электр орталығын салу, ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыру, мектептер мен ауруханалар және тағы басқа да әлеуметтік нысандар салу сияқты өзекті мәселелер бар екенін жеткізді. Нұрлан Ұранхаев аймақтың ішкі инфрақұрылымын қалпына келтіру басым міндеттердің бірі екенін де атап өтті. Мемлекет басшысы Абай облысын қалпына келтіру жолындағы түйткілді мәселелерді жүйелі түрде шешу туралы тапсырма берді.
Нұрлан Ұранхаев, Абай облысының әкімі:
- Аймағымыздың ішкі инфрақұрылымын қалпына келтіру – басты міндеттеріміздің бірі. Кездесуде ҚР Президенті Абай облысын қалпына келтіру жолындағы жүйелі мәселелерді тез арада қолға алуға тапсырма берді. Аталған жұмысты бастадық.
Қазақстан грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Дәулет Тұрлыханов та Президент қабылдауында болды. Даңқты балуан Қасым-Жомарт Тоқаевқа федерацияның бұқаралық және кәсіби спортты дамыту, Дене шынықтыру және спорт саласын өркендету жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру үшін қабылдап жатқан шаралары, сондай-ақ балуандардың 2024 жылы өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына дайындығы туралы баяндады. Сонымен қатар кездесуде жастардың өзекті мәселелеріне, соның ішінде оларды бұқаралық спорт түрлеріне тартуға, өңірлерде спорт инфрақұрылымдарын дамытуға баса мән берілді. Осы ретте Мемлекет басшысы аймақтарда жазғы және қысқы спорт түрлерін ілгерілету жұмыстарын күшейту қажет екенін айтты.