Қ. Тоқаев Ашхабадта өткен Каспий маңы елдері басшыларының VI саммитіне қатысты
Алқалы жиын басталмас бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев елдің бұрынғы президенті Гурбангулы Бердімұхамедовпен және қазіргі Түрікмен басшысы Сердар Бердімұхамедовпен кездесті. Түрікменстан Ұлттық кеңесі Халық мәслихатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов елді 15 жылдай басқарып, биылғы көктемде президенттіктен кеткен еді. Ол 65 жасқа толып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы әріптесін мерейтойымен құттықтап, еңбегін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Құрметті Гурбангулы Мяликгулевич, Сізді Қазақстан жұрты мемлекет қайраткері деп біледі. Елдеріміз арасындағы достық қарым-қатынасты жоғары деңгейге көтеруге зор үлес қостыңыз. Дипломатиялық қарым-қатынастарымыздың орнағанына 30 жыл. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалар қарқынды дамып келеді. Мұнда Сіздің еңбегіңіз орасан зор.
Қазақ пен түрікмен – ежелден бауырлас елдер. Бауырластық бүгінде стратегиялық серіктестік деңгейіне жетті. Тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Былтыр Түрікменстанға келген қазақ басшысына Аркадаг ақалтекесі сыйға тартылған еді. Қасым-Жомарт Тоқаев қарымта құрмет көрсетті. Қазақ-түрікмен қарым-қатынасына қосқан өлшеусіз үлесі үшін Гурбангулы Бердімұхамедовті еліміздің жоғары мемлекеттік наградасы - «Алтын Қыран» орденімен марапаттады.
Кейін Мемлекет басшысы Түрікменстан президентімен кездесіп, қонақжайлығы үшін ризашылығын білдірді. Сердар Бердімұхамедов Президент болғалы бері Қасым-Жомарт Тоқаевпен алғаш рет бетпе-бет жүздесіп отыр. Мемлекет басшысы Түрікменстанның жаңа президентін сайлаудағы жеңісімен құттықтады. Сердар Бердімұхамедов Қасым-Жомарт Тоқаевқа шақыруын қабыл алғаны үшін ризашылығын білдіріп, VI саммиттің берері мол екенін атап өтті.
Қазақ, Ресей, Әзербайжан, Иран мен Түрікменстан басшылары көк айдындағы көлік дәлізінің әлеуетін арттыруға мүдделі. Каспийді қорғайтын халықаралық ұйым да құрылуы мүмкін. Хатшылық керек екені бұрыннан айтылып келеді. Бірақ әлі жүзеге аспады.
Қорған Қонысбайұлы, тілші:
- Төрт құбыласы түгелдей құрлықпен шектесетін Каспийді жағалай қонған бес ел бар. Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Иран мен Түрікменстанның теңізде өз есебі, өз мүддесі жатыр. Сол мүдде төңірегінде бестіктің басшылары әр жылдары бас қосып тұрады. Алғашқы Каспий саммиті осыдан 20 жыл бұрын, яғни 2002 жылы Ашхабадта өткен. Президенттер сосын Тегеранда, Бакуде, Астрахань мен Ақтауда кездесті. VI саммитте бестік президенттері тағы Ашхабадта бас қосты.
Ақтау саммитінен бері 4 жыл өтті. Төрт жылда дүние өзгерді. Геосаяси ахуал ушығып, кей елдер арасы шытынады. Бірақ Каспий бестігінің бір-біріне қырын қарауына болмайды. «Кемедегінің жаны бір» дегендей, теңіздегінің жолы бір. «Достық теңізі» деген атқа ие көк айдын бесеуге ортақ. Ендеше игілігін де бірге көрмек керек. Ал сол игілікке бастайтын Ақтау конвенциясы еді. Бірақ құжат 4 жыл бұрын қабылданса да әлі күшіне енбеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бүгінде біздің басты міндетіміз – Конвенцияның тезірек күшіне енуіне жағдай жасау. Елдерімізге өзара тиімді болатын шешім қабылдау үшін төрт жылдан бері көп жұмыс істеліп жатыр. Теңіздегі кейбір мәселе мемлекеттердің ұлттық мүддесіне қатысты болған соң, біз тараптардың ұстанымына түсіністікпен қараймыз.
Каспий аса маңызды стратегиялық аймаққа жатады. Географиялық орналасуы жағынан Азия мен Еуропада ғана емес, жұмыр жердегі ықпалды теңіздердің қатарында. Көліктік дәлізінің әлеуеті зор. Кәрі Құрлықты Орталық Азиямен әрі Қытаймен байланыстырып жатыр. Осы бағыт бойынша біздің елден тасымалданатын жүк кейінгі бес айда 2,5 есе ұлғайған. Ал Каспий маңындағы өзге мемлекеттермен тауар айналымы 9% өсті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Теңіз арқылы тасымалданатын жүкті еселеу мақсатында порттардың инфрақұрылымын жаңғыртуды және теңіз флотын кеңейтуді қолға алдық. Осы бағыттағы ұйымдастыру мәселесін бірлесіп әрі жылдам шешкен ләзім. Тағы бір маңызды тұс – «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізін одан әрі дамыту. Бұған да айрықша көңіл бөлген жөн. Әсіресе «Қазақстан-Түрікменстан-Иран» теміржолының мүмкіндігін толық пайдалана білу керек. Бұл Шығыс Азия мен Парсы шығанағындағы елдердің арасында төте жол саналады.
Каспий арқылы тек металл, химиялық өнімдер емес, азық-түлік тасымалын да ұлғайту керек. Қазақ басшысының саммиттегі үшінші ұсынысы осы. Қазақстан мен Ресейдің арасындағы сауда-саттықтың 70% құрлық арқылы жасалады. Көк айдынмен азық-түлік көп кетпейді. Әзербайжан, Түрікменстан мен Иран теңіз арқылы бізден астық пен ұн алады. Бұл үштікпен саудада сәл де болса өсім бар. Президент: «Тек астық, ұнмен шектелмейміз, теңіз арқылы өзге де тауарды ұсына аламыз», – деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- 1 миллион тоннадан артық майлы дақылды сататын мүмкіндігіміз бар. Сонымен қатар Қазақстан ет пен сүт өнімдерінің экспортын ұлғайта алады. Каспий маңындағы елдер арасында тауар тасымалын арттыру үшін заманауи логистикалық инфрақұрылымды дамыту керек. Сондықтан Каспий маңында азық-түлік хабын құруды ұсынамыз. Қазақстанда жаңа үлгідегі көтерме-тарату орталықтарының құрылысы басталды. Ол жерде технологиялық жүйемен жұмыс істейтін қоймалар болады әрі азық-түлік тауарын сатуға жағдай жасалады.
Экономиканы еселеумен қатар көк айдынның экологиясын сақтау да күн тәртібінен түскен емес. Әсіресе теңізге келіп құятын Жайықтың жайы жанға батады. Өзен тартылып барады. Бір кездері балығы тайдай тулаған Жайықта балық қоры азайған. Тиісінше, Каспийде де кеміді. Қазақстан мен Ресей бірігіп, әрекет етіп жатыр. Енді осы іске қалған үш ел қолғабыс етсе игі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жайықты қорғау ісінде келісілген әрі бірлескен шараларды қабылдауға міндеттіміз. Әйтпесе өзеннен айырыламыз. Барлық тарапты күш біріктіріп, Жайықтың ахуалын жақсарту үшін ортақ жоспар әзірлеуге шақырамын.
Каспий – құйқалы теңіз, қайраңы тұнған қазына. Итбалық пен бекіре де, мұнай мен газ да Каспийдің байлығы еді. Соңғы жылдары сол байлық сарқылып барады. Экологтардың бірі мұны браконьерден көрсе, басқасы: «бұған себеп – мұнай», – дейді.
Әділхан Товасаров, Орталық Азиядағы Экологиялық зерттеулер институтының бас директоры:
- Каспий теңізін тереңдету себебі – ауыр металдардың концентраты жоғары, одан кейін мұнай қалдықтары бар. Бірнеше фактор бар. Өкінішке қарай, 200 итбалықтың көбі шіріп, өлгеніне біраз болған. Біз Президентімізге өзінің қарамағына Каспий итбалығын алуды ұсынамыз. Себебі Каспий теңізіндегі мемлекеттерге де өте маңызды. Итбалық жойылып кетсе, экологиялық апатқа әкеп соғады.
Бұл – айдың басында жазған сұхбатымыз. Қасым-Жомарт Тоқаев 1 маусымда Алматыға барғанда экологтар Президенттен итбалыққа араша түсуді сұрап еді. Сол кезде Мемлекет басшысының «бұл мәселені бақылауыма аламын» дегені бар. Теңізде азайып бара жатқан итбалықтың жайын Ашхабадтағы үлкен жиында айтып, тың бастама көтерді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Былтыр Қазақстан мен Ресей арасында Каспий итбалығын қорғау жөніндегі бірлескен жұмыстардың бесжылдық жоспары бекітілді. Сонымен қатар 1974 жылдан бері теңіздің солтүстiк бөлiгiнде Қазақстан мен Ресейдің қорықтық аймағы жұмыс істейді. Алайда атқарылып жатқан жұмыстар итбалықты қорғауға жеткіліксіз. Сондықтан біз қорықты ерекше қорғалатын табиғи аумақ ретінде қайта құру мәселесін қарастырып жатырмыз. Каспий маңындағы елдерді Қазақстан мен Ресейдің бастамасын қолдауға және осы іске жұмылуға шақырамын!
Қорған Қонысбайұлы, тілші:
- Жалпы Каспийді қорғау үшін әуелі бестікке ортақ хатшылық керек. Бұл мәселе талайдан бері айтылып келеді. Бірақ әлі қазығы қағылмады. Қасым-Жомарт Тоқаев жиын соңында: «Хатшылықты тездетіп құрған жөн», – деді. Себебі стретагиялық маңызға ие Каспийді зерттеп, қорғайтын халықаралық ұйым керек. Әйтпесе жеке дара алып айдынды қорғау мүмкін емес.
Авторы: Қорған Қонысбайұлы