Қ.Тоқаев Қарағанды облысына барды
Қасым-Жомарт Тоқаев мұнда тұтас республика үшін маңызды инновациялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.
Достық Талғатұлы, тілші:
- Қарағанды қаласынан 25 шақырым жердегі Саран шаһарында 56 мың адам тұрады. Мұнда бұрынғы резеңке-техникалық бұйымдар зауытының орнында енді үш ірі кәсіпорын болады. Соның бірі автобус шығаратын зауыт. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірге сапары аясында жаңа кәсіпорынның жұмысымен танысты. Мұнда мектеп автобусынан бастап, электр автобустарға дейін шығарылады. Отандық инвестор Қытайлық алпауыт кәсіпорынмен келісімге келген. Нәтижесінде биылдан бастап автобус өндірісі жолға қойылды. Айта кетейік, бүгінде әлем бойынша шығарылатын барлық автобустың 15% осы брендтің үлесінде. Отандық зауыт ашылғалы 350-ден астам қоғамдық көлік жолға шықты. Мұнда 600-ге жуық адам еңбек етеді. Алдағы уақытта тағы 500-ге жуық адам жұмысқа алынады.
Арғұлан Майконов, автобус шығаратын зауыттың бас директоры:
- Біздің техника Қарағанды облысының аумағында ғана емес, Қазақстанның барлық өңірінде қолданыста. Оның ішінде автобус парктері тіпті халықаралық бағыттарға да шыға бастады. Бізде өзіміздің оқу орталығымыз бар. Яғни қажетті мамандарды оқытып, біліктігін арттырып аламыз. Бүгінде бірқатар бөлшектері отандық. Алдағы екі жылда жергілікті үлесті 50%-ке жеткіземіз.
Достық Талғатұлы, тілші:
- Зауыт бірнеше бөлімнен тұрады. Автобус мұнда құр құрастырылып қоймайды. Қытайдан жеткізілген қосалқы бөлшектері дәнекерленіп, көліктің қаңқасы жиналады. Бірнеше цех сатысынан өткеннен кейін дайын автобус тексеріліп, сатылымға шығарылады. Жалпы бір жылда 1200 техника жасалады. Бір күнде су жаңа осындай 4 автобус пайдалануға беріледі. Ішінде 20 балаға арналған орын бар7 Балалардың қауіпсіздігі үшін ішінде арнайы белдіктер бар. Бұдан бөлек балалардың жолдан қауіпсіз өтуі үшін автобус ішінде батырма да бар. Бұдан бөлек индустриалды аймақта келер жылдан бастап тұрмыстық техникалар да шығарыла бастайды. Президент еліміз үшін жаңа саланың бағыт-бағдарымен, жоспарымен танысты. Бастапқыда сұранысқа ерекше ие саналатын теледидар, шаңсорғыш, кір жуғыш машина сияқты тұрмыстық техниканың жеті түрі шығарыла бастайды. Кейін өнім қатарын көбейту көзделген. Әзірге мұнда да отандық үлес кем. Алайда алдағы жылдары қажетті бөлшектерді отандық кәсіпорын кәдеге көптеп жаратуды діттеп отыр.
Мұхтар Омаров, тұрмыстық техника зауытының директоры:
- Дәл қазіргі кезде Қазақстанда тұрмыстық техника шығаратын бірде-бір өндіріс жоқ. Алайда сұраныс бар әрі ол жыл санап артып келеді. Сол себепті елімізде осындай зауыт қажет. Мақсатымыз импортты азайтып, нарықты отандық өніммен ішінара жабу.
Достық Талғатұлы, тілші:
- Өңірде автомобиль шиналарын шығаратын зауыттың құрылысы да жүріп жатыр. Кәсіпорын жыл соңына дейін іске қосылады. Жылына 3 жарым млн шина шығару жоспарланып отыр. Нәтижесінде мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ Қарағанды қаласындағы оқушылар сарайында жергілікті халықпен кездесті. Мұнда Президент Қарағанды облысын дамытудың басымдықтарын айқындады. Қарағанды облысы еліміздің дәл орталығында орналасқан. Оңтүстік пен солтүстікті жалғайтын ең басты күре жол осы өңірді басып өтеді. Аймақты дамытуға автокөлік жолдарының сапасы айрықша ықпал ететіні анық. Бүгінде «Орталық-Оңтүстік» көлік дәлізі салынып жатыр. Президент Балқаш қаласы арқылы өтетін жолдың құрылысы өте баяу жүріп жатқанын айтып, Үкіметке «Қарағанды – Балқаш» және «Балқаш – Бурылбайтал» тас жолын келесі жылы салып бітіруді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- «Қарағанды – Жезқазған» күре жолы да аса маңызды. Ұзындығы 500 шақырымнан асатын жол жөнделсе, орталық өңірлерге барыс-келіс жақсарады. Жүк тасымалы көбейеді. Бұл Ұлытау облысын дамытуға зор септігін тигізеді. Екі облыстың инвестициялық және туристік мүмкіндігін арттырады. Осы жолды жөндеу жұмысына алдағы жылы дереу кірісу керек.
Айта кетейік, аймақта жеңілдетілген ипотека бағдарламасы бар. Жылына 5% өсіммен 20 млн теңгеге дейін қарыз беріледі. Бұл ипотеканы мұғалімдер, дәрігерлер, мәдениет, спорт және әлеуметтік сала қызметкерлері, журналистер және жоғары оқу орындарының оқытушылары ала алады. Биыл 75 несие берілген.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Енді бағдарламаның бюджетін көбейтіп, жеңілдетілген несиенің санын арттыра түсу қажет. Бұл – жергілікті жас отбасыларды, жас мамандарды қолдауға арналған тиімді әдіс. Олар басқа аймақтарға көшпей, туған жерінде еңбек етуге жақсы мүмкіндік алады. Мұндай тәсілді өзге облыстар да қолдануы керек.
Облыстағы 176 ауылда таза су жоқ. Биыл 37 елді мекенге таза су беріледі. Президент басқа да ауылдарды көп созбай сумен қамту мәселесін шешу қажет деді. Соңғы жылдары Балқаш көлі күрт тартылып барады. Еліміздің орталығын сумен қамтамасыз ететін Сәтбаев каналының техникалық жағдайы мәз емес. Білікті мамандармен бірлесіп, осы екі мәселені мұқият зерттеуді тапсырды Президент. Мемлекет басшысы жайылым мәселесіне де тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Әлемде 9 орын алатын ұлан-ғайыр жері бар Қазақстанда жайылым тапшылығы деген еш қисынға келмейтін нәрсе. Осы кең байтақ жеріміздің игілігін латифундистер емес, қарапайым халық көруі керек.
Президент: «Қарағанды – қайнаған еңбектің ортасы», – деді өз сөзінде. Терең шахтада жұмыс істеу, жалын атқан пеш қасында тұрып болат қорыту – оңай шаруа емес. Күрделі еңбек жағдайына қарамастан, өндірісте тер төгіп, елімізді дамытуға зор үлес қосып отырған жұмысшыларға Президент шынайы ризашылығын білдірді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы елеулі жетістіктері мен Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін Қарағанды өңірінің бірқатар азаматын мемлекеттік наградалармен марапаттады. Олардың қатарында «Талбесік» көпбалалы аналар одағының жетекшісі Ләззат Қожахметова да бар.
Жиын соңында Президент Қарағанды өңірінің белсенді азаматы Нияз Сүндеталиевке ілтипат білдірді.
Авторлары: Достық Талғатұлы, Айдос Меделбеков, Бақытбек Нұртаев