25 қазан – Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданған күн
Бірақ ресми құжат баспасөзде сәл кейінірек яғни 28 қазан күні жарияланды. Бұл тарихи кезең мерзімді басылымдарда қалай көрініс тапты? 1990 жылға дейін небәрі 10 республикалық газет-журнал шыққаны белгілі. Олардың қатарында ресми басылымдар «Социалистік Қазақстан» – қазіргі «Егемен Қазақстан» газеті болды. Қабылданған декларацияның ресми мәтіні бірінші болып осы газетте жарық көрді.
Мұрат Әуезов, мемлекет және қоғам қайраткері:
- Мүлде жаңа елдің тарихы басталды. Ал біз қоғамның көптеген топтары, оның ішінде зиялы қауым, жазушылар – сол кездегі социалистік реализм жүйесінен, ескі құрылымнан шығып, жаңа белеске қадам басуға бел будық. Өтпелі кезеңнің қиын сәттері аз болған жоқ, әрине, жақсы жақтары да жоқ емес. Қазақстанның болашағын азат, тәуелсіз, егеменді ел ретінде ең болмағанда қағаз жүзінде елестету 1990 жылы қол қойылған Декларация авторларының ең үлкен жеңісі дер едім.