Президент еліміздің үздік кәсіпкерлерін марапаттады
Бәсеке бар жерде өндіріс те өркендейді, заманауи талапқа сай өнім де көбейеді. Яғни кәсіпорындар алтын сапаға ұмтылады.
Иә, сапалы өнім ең алдымен халықтың денсаулығы мен өмір салтын жақсарту үшін, елден импортты мейлінше ығыстыру үшін қажет. Сайып келгенде сапа — тәуелсіз елдің өз бренді, былайша айтқанда ұлттық қауіпсіздігінің кепілі. Биылғы байқауға қатысуға отандық кәсіпорындардан 281 өтініш келіп түскен.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз бұл конкурсты жыл сайын өткізіп, табысқа жеткен кәсіпкерлерге құрмет көрсетеміз. Сондай-ақ әлеуметтік жауапкершілік танытқан, ел өміріне бейжай қарамаған кәсіпорындарды марапаттаймыз. Осы күнге дейін еліміздің 160-тан астам компаниясы «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты атанды. 365 кәсіпорынға «Парыз» сыйлығы табысталды. Мұның бәрі отандық бизнестің қарқынды дамып келе жатқанын аңғартады.
Былтыр өңдеу өнеркәсібінің көлемі рекордтық көрсеткішке – 20 млрд долларға жетті. Осы жылдың соңына дейін жалпы құны 2 трлн теңге болатын 160 жоба жүзеге асырылады. Соның нәтижесінде 17 мың жаңа жұмыс орын ашылады», — деді Мемлекет басшысы. Алтын сапа иегерлері де бұл бағытта өз жобаларын жүзеге асыруды жалғастырады.
Қазақстандағы бизнес үшін ең қолайлы қала аталымы бойынша Сәтпаев үздік деп танылды. Мұнда соңғы екі жылда жаңа мың кәсіпкерлік нысаны ашылған. Осылайша 70 мың тұрғыны бар шағын шаһарда бүгінде бизнес субъектілерінің саны 4 мыңға жуықтаған.
Асқар Ыдырысов, Сәтпаев қаласының әкімі:
Бұдан бөлек, Үкімет мүшелері мен Парламент депутаттары да үздік кәсіпкерлер мен үздік әлеуметтік жоба иелерін марапаттады. Бұл сыйлықтар кәсіпорын басшыларын жаңа белестерге жетелесе, халықтың әлжуас топтарымен тығыз жұмыс істейін мекемелерді жаңа жобаларды жүзеге асыруға ынталандырып отыр.
Бахтияр Өнербаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы:
Жалпы 2005 жылдан бері шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 3 есе өсті. Яғни ол қазір ел экономикасының 34% жуықтады. Бүгінде осы салада 3,5 млн-нан астам адам жұмыс істейді. Бұл еңбек ететін халықтың 40%. Сөзсіз, бұл байқау кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігін де арттырады. Мәселен ауылда бизнесін дөңгелетіп отырған кәсіпкер елді мекеннің инфрақұрылымына асқан жауапкершілікпен қарайтын болады. Себебі мемлекет мұндай іскер азаматтың еңбегін бағаламай қоймайды. Бүгінгі марапат соның дәлелі.
Авторлары: Достық Талғатұлы, Айдос Меделбек