Respublica партиясы елордада мета-форум ұйымдастырды
Сайлауды электронды түрде өткізуге бола ма? Respublica партиясы Астана қаласында мета-форум ұйымдастырып, виртуалды әлемнің мүмкіншіліктері жайын талқылады. Басқосуға отандық IT саласының үздіктері мен осы мамандықта білім алып жүрген жастар қатысты. Олар өз ойларын ортаға салып, тың идеяларымен бөлісті. Сондай-ақ жиында еліміздің IT әлеуеті туралы айтылды. Мамандар: «Бірқатар мәселелерді шешуде, азаматтардың өмір жағдайын жақсартуда цифрландыру саясаты оң әсер береді», – дейді. Партия жетекшілері IT-көшбасшыларымен бірге ақпараттық технологиялар мен телекоммуникация бағытын дамыту, білім беру мен денсаулық сақтау саласын цифрландыру жайында ашық диалог алаңын құрды. Бұдан бөлек, мета-форумға қатысқан жастар өздерімен бірге білім, экология, агроөнеркәсіп, өндіріс саласына өзгеріс әкелер жаңа жобаларын ала келіпті.
Айдарбек Қожаназаров, Respublica партиясының төрағасы:
- Біз өте әдемі іс-шара өткізіп жатырмыз мета-форум деген. Бүкіл IT саласында жұмыс істеп жүрген қызметкерлер, кәсіпкерлер жиналып, өздерінің ұсыныстарын көрсетіп, айтып жатыр.
Біз тыңдап жатырмыз және қай бағытта осы саланың дамуына үлес қосатынымыз жайында талқылаулар болды.