Қызылорда облысының тұрғындары дауыс беру барысында қазақы салт-дәстүрлерді паш етті
Ақ жаулықты әжелер сайлау учаскесіне ат арбаға мініп, әсем әндерді шырқай келді. Аға буын өкілдерімен қатар ауыл көкпаршылары да алғашқылардың бірі болып өз таңдауын жасады. Жүз шайыр шыққан Тұрмағамбет ауылында бір мезетте ондаған жыршы сайлау учаскесіне келді.
Ал Талдықорғандық Ұлан Байзақов есімді шаруа өзі тіркелген сайлау учаскесіне түйемен келіп, дауыс берді. Сайлау күні қалада Ойсылқара тұқымын мініп жүрген түйешіні көрген тұрғындар бұл көрініске таңқалысып, дән риза болды. Ал Ұланның жанына ере келген бір топ өнерпаз баянмен ән шырқап, халықтың көңілін бір көтеріп тастады.
Өскеменнің кейбір еңбек ұжымдары да ұлттық нақыштағы киімдерін киіп, салтанатты жағдайда дауыс беруде. Олар осы арқылы Ұлыстың ұлы күні қарсаңында өтіп жатқан саяси додаға мерекелік сипат беруді көздеген. Бір жағынан бұл ұрпақ үшін тәрбие деп санайды.
Тұрсынай Байбалық, көпбалалы ана:
-Бала-шағамыздың, болашағымыздың ұрпағына бір кісілік үлесімді қосу үшін осы жерге дауыс беруге келдім. Балаларды ертіп келудегі себебім де бұлар да ертеңгі күні өз азаматтық борыштарын біліп осындай сайлаулардан қалмасын деп тілеймін.
Ал Қарағанды облысының Абай ауданына қарасты Құлайғыр ауылында тұратын 102 жастағы Сәбилә Орманбаева сайлау учаскесіне таңсәріден келіп, дауыс берді. Ғасыр куәгері осы жасына дейін еліміздегі саяси науқанның бірде-бірінен қалыс қалмаған. Үнемі белсенділік танытып, жастарға үлгі көрсетіп жүреді. Әжеміз ешқашан ауруханаға жатып көрмеген. «Бұл қимыл-қозғалыс пен тынымсыз еңбектің арқасы», — дейді. Алтын құрсақты анамыз 9 баладан 25 немере, 6 шөбере сүйіп отыр.