Хабар телеарнасы

Ұлттық құрылтай: құнды қолжазбалар — халық мұрасы

Ұлттық құрылтай мүшелері қазіргі авторлардың әдеби шығармаларындағы ұлттық құндылықтарды ілгерілету және отандық әдебиет пен киноны дамыту мәселелерін де қозғады. Креативті индустрияны дамытуды қолдау жайы сөз болды. Руханият жанашырлары құнды қолжазбаларға қамқорлық керегін де жиі айтып жүр. Қазірден бастап қолдағы бар дүниені түгендеп, мемлекеттік тіркеуге алу қажет. Оған қоса, оны оқып, зерттейтін мамандар дайындаған жөн. Себебі онда ашылмаған талай тарих жатыр. 

Мына кітап «Әлсіздердің сүйеніші» деп аталады. Шағатай тілінде жазылған. Авторы 18 ғасырда өмір сүрген Софы Аллаяр. Шығарма 1893 жылы Ташкентте басылып шыққан.

Төрәлі Қыдыр, филология ғылымдарының кандидаты:
-Сыр бойында атақты Айқожа Ишан дейтін ишан өткен. Соның ұрпақтары келіп өткізді. Айқожа ишанда көптеген діни кітаптар болған. Солардың бір парасын бізге алып келіп өткізді. Софа Аллаярды кітабының бір ерекшелігі оны Абай оқыған.

Дәл осындай құнды дүниелер ел ішінде әлі де бар. Себебі ұстап отырғандар атамұрамыз деп өткізгісі келмейді. Дегенмен оның бәрі халық мұрасы. Жанашыр азаматтар алдымен кітапханалар мен музейлерде сақталып тұрған жәдігерлермен қоса, жеке қолдағы көне қолжазбалар мен кітаптардың мемлекеттік тізілімі жасалуы керек деп санайды. Сенат депутаты Алтынбек Нұхұлы бұл тұрғыдан көп елден артта қалғанымызды жасырмайды. 

Алтынбек Нұхұлы , ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
-Алыстағы Америка болсын, Батыстағы елдер болсын, Түркия, мына іргедегі Өзбекстанның өзінде жоғары дәрежеде қойған. Үлкен қаражаттар бөлген. Біз осы жағына келген кезде құнсыздық танытып отырмыз десек болады. Сондықтан оны орнына келтіру үшін мемлекеттік комиссия құрып, сол арқылы мемлекеттік деңгейде қамқорлық жасалынатын болса, онда тарихтағы жаңалықтарымыз да, жаңа жағынан, жаңғыру жағынан болар еді.

Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында 1500-дей бума бар. Онда араб, парсы, шағатай тілдерінде жазылған ескі қолжазбалар жинақталған. Тасбаспамен шыққан және литографиялық кітаптарды осыннан табуға болады. Кейіннен жазып алынған аудиотаспалар да бар. Одан өзге де құнды дүниелер өте көп. Соның жартысынан көбі цифрлық жүйеге көшірілген. Дегенмен ол тоқтап қалуы мүмкін.

Кенжехан Матыжанов, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры:
-Білім және жоғарғы білім министрлігі бізге екі жыл бұрын бізге жақсы грант берген. Сол грантпенен біз қазір жұмыс істеп жатырмыз. 1542 буманың 900 бумасын біз сандық форматқа көшірдік. Бірақ өкінішке орай, жоба біткеннен кейін, келесі жобада дәл осы форматта жалғастырайық десек, оны жалғастыра алмаймыз. Өйкені оны бірін-бірі қайталау деп есептейді

Бізде осы қолдағы бар қолжазбаны оқып, зерттейтін мамандар мен ғалымдар жетіспейді. Оған қоса қордағы дүниені талап бойынша күтіп ұстау мәселесі тағы бар. Сондай-ақ шет жердегі қазақтың тарихы мен мәдениетіне қатысты дүниелердің тұпнұсқасын болмаса да, көшірмесін әкелу жағы да үлкен жұмыс. Аударма мәселесі де күн тәртібінен түспек емес. Яғни ғалымдар, бірегей электронды база құрып, зерттеулер жүргізіп ғылыми жолға қою қажет деп санайды.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сұлтан Бейсекенов