Үкімет отырысында МАЭК болған апаттың жайы қаралды
Оқиғаның салдарынан екі облыс электр энергиясынан ажыратылған еді. Ал бұл бірқатар кәсіпорындардың тоқтауына да себеп болды. Алайда қазір жағдай бақылауға алынған. Тиісінше жергілікті жерлерді энергиямен қамтамасыз ету қалпына келтіріліп жатыр. Үкімет басшысы орын алған жағдай бойынша тексеру басталғанын айтады.
Нұрлан Әбдікәрім, тілші:
- Апаттан кейін Атырау мұнай өңдеу зауыты да жұмысын тоқтатқан болатын. Бірақ қазір кәсіпорын бірте-бірте қайта қалпына келіп жатыр. Премьер-Министрдің айтуынша, елде ешқандай жанар-жағармай тапшылығы болмайды. Қазіргі таңда АИ-92 маркалы бензиннің 25 күндік, АИ-95 маркалы бензиннің 15 күндік қоры бар. Дизель де дерлік 1 айға жетеді. Ал жазатайым тапшылық бола қалса, Ресейден импортталады. Тиісінше Үкімет басшысы жанар-жағармай бағасы бақылауда болу керек екенін тапсырды.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
- Энергетика министрлігі Ішкі істер министрлігімен, Бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірге алып-сату және жанар-жағармайдың жасанды тапшылығын туғызу фактілеріне тосқауыл қоюы қажет. Премьер-Министрдің төрағалығымен қазіргі таңда апаттың себептерін тексеру үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрылды. Кінәлілер жауапқа тартылады.
Жиында биылғы вегетациялық маусымның дайындығы да қаралды. Экология министрлігі қазір суару жүйесінің магистралдық және шаруашылық каналдарын тазалау жұмыстары басталғанын айтады. Алайда кейінгі жылдары су тапшылығы сезіліп отыр. Биыл шамамен 1,58 млн га суармалы жер өңделеді. Ал оған 11,4 млрд текше метр су қажет.
Зүлфия Сүлейменова, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:
- Нарын-Сырдария су қоймалары каскады жұмысының болжамды режимі келісілді. Соған сәйкес Шардара су қоймасына вегетациялық кезеңде келетін су 4,2 млрд текше метрді құрауы тиіс. «Достық» каналы бойынша 920 млн текше метер көлемінде су беру жоспарланған.
Ғылыми зерттеулерге сай алдағы 20 жылдықта су тапшылығы жылына 15 текше шақырымды құрауы мүмкін. Сондықтан Үкімет басшысы каналдардың инфрақұрылымдық жағдайын жақсартып, суды үнемді пайдалану қажет екенін жеткізді. Өйткені су мәселесі елдегі азық-түлік қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін.
Азық-түлік демекші, Ауыл шаруашылығы министрі Қостанай облысының егіс алқаптарындағы қаптаған шегірткелерге қатысты да түсінік берді. Айтуынша әлеуметтік желіде тараған «мыңдаған гектар егіс алқабы зардап шегіп жатыр» деген ақпарат жалған. 500 га алқап қана зардап шеккен. Қазір тиісті шаралар қабылданған. «Тиісінше шегірткенің таралу қауіпі жоқ дейді», - министр.
Нұрлан Әбдікәрім, тілші:
- Бүгінгі отырыста елдегі кәсіпкерлікті дамыту мәселесі де сөз болды. Үкімет енді моноқалалардағы бизнесті қолдауды күшейтпек.
Авторлары: Нұрлан Әбдікәрім, Аян Сәрсенбаев