Қазақ қыздары әлем чемпионатында жүлдеге ілікті. АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында шорт-тректен жасөспірімсдер арасындағы жарыс өтіп жатыр. Қыздар арасындағы командалық сында ел намысын қорғаған Нұрия Алпысбай, Гүлдана Жалмұхан, Анастасия Галечина және Полина Омельчук үшінші орынға тұрақтап, қола жүлдегер атанды. Алтын Корея, күміс Қытай спортшыларына бұйырды.
Алматы қысқы Азия ойындарын қабылдайды
Бұл жөнінде Азия Олимпиадалық кеңесі мәлімдеді, - деп хабарлайды Sports.kz порталы. Тараптар ресми келісімге 5-ші ақпан күні Милан қаласында қол қояды. Соңғы қысқы Азия ойындары 2024 жылы Қытайдың Харбин қаласында өтті. Қорытындысы бойынша ұлттық құрама 4 алтын, 9 күміс және 7 қола жеңіп алып, жалпы командалық есепте төртінші орынға жайғасты.
Бокс. Жылдың алғашқы жарысы
32 спортшымыз Испанияның Ла-Нусия қаласында басталған халықаралық турнирге қатысып жатыр. Ерлер арасында Төрехан Сабырхан, Санатәлі Төлтаев, Нұрбек Мұрсал, Аман Қонысбеков, Дәулет Молдашев, Ерасыл Жақпеков және Азамат Бектас бақ сынайды. Әйелдер арасында Сымбат Әлиасқар, Аяжан Ермек, Назерке Серік, Шахназ Исаева мен Әсем Таңатар алғашқы қарсыластарымен жолығады.
Заңғар Нұрланұлы әлемдік рейтингте көтерілді
Халықаралық теннис федерациясы жасөспірімдер арасындағы әлемдік рейтингінде қазақстандық Заңғар Нұрланұлы 12-ші орыннан 9-шы орынға көтерілді. Ол жуырда Аустралия ашық чемпионатының жартылай финалына дейін жеткен. Былтыр АҚШ ашық чемпионатында да осындай көрсеткіш тіркеген. Бұл отандық теннис үшін тарихи жетістік.
Жасөспірімдер арасында екі рет «Үлкен дулыға» турнирінің жартылай финалына Қазақстаннан басқа ешкім шыққан жоқ. Қазір үш бірдей теннисшіміз әлемдік рейтингтің алғашқы ондығында. Заңғардан бөлек, әйелдер арасында Елена Рыбакина үшінші, Александр Бублик 10-шы сатыда.