Премьер-министр паралимпиадашыларға Мемлекеттік туды табыстады
28 тамызда Парижде XVII жазғы Паралимпиада ойындары басталады.
Премьер-министр ел абыройын қорғайтын ұлттық құрама мүшелері Берік Ізмағанбетов пен Севда Алиеваға Мемлекеттік туды табыстады. Парижде өтетін байрақты бәсекеде 44 қазақстандық 9 спорт түрі бойынша сынға түседі.
Жалпы елімізде Паралимпиада спортын дамыту үшін қажетті инфрақұрылым жасалып, жаңа жабдықталған спорт кешендері ашылды. Мамандандырылған дайындық орталығы, 15 спорт клубы, 3 мектеп және спортты дамыту дирекциясы жұмыс істейді. Қолдау бағдарламалары енгізіліп, жаттықтырушылар корпусы дайындалды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Көк байрағымыз – мемлекетіміздің ең басты рәмізі ғана емес, асқақ рухымыз бен ерлік пен елдігіміздің нышаны. Сіздерден жоғары нәтиже мен жарқын жеңістер күтеміз! Еліміздің көк туы тек биіктерден көрінсін!
Берік Ізмағанбетов, Азия Паралимпиада ойындарының жүлдегері:
- Қазақстанның намысын қолдан бермейміз деп сенемін! Біз осында тұрып, өзіміз үшін ғана емес, сонымен бірге бізге сенім артқан барлық қазақстандықтар үшін жауапкершілік аламыз. Бізге сенім артқан барлық жанның үмітін ақтау - басты мақсатымыз.