Астанада жас қылқалам шеберлерінің туындылары ел назарына ұсынылды. Суретшілердің еңбектері Елбасы кітапханасында «Бейбітшілік және мейірімділік симфониясы» көрмесінде көрсетілуде. Оны Қор филиалдары студенттері мен балалар үйі тәрбиеленушілері салған. Нәтижесінде 3-18 жас аралығындағы балалардың 150 жұмысы таңдалды.
Ал көрмеге бас-аяғы 400-ден астам жұмыс ұсынылған болатын. Олар кескіндеме, коллаж, мозайка, шыныға жазу секілді түрлі аралас, көркем және қолданбалы техникаларда бейнеленген. Жас суретшілердің айтуынша, шығармашылық жұмыстары олардың ішкі жандүниесін, бас қаламыз – Астанаға деген мақтаныш сезімін суреттейді.
Айта кетейік, аталмыш көрме тамыз айының 12-сіне дейін жалғасады.
Арина Суфьянова, Астана қаласы «Мирас» халықаралық мектебінің 7-сынып оқушысы
- Мен бұл суретті үш күн бойы салған шығармын. Онда махаббатты әрі шынайылықты бейнелегім келді. Жалпы өзім сурет салуды 5 жасымнан бастадым. Туындыларымның осы жерде көрсетілгеніне қуаныштымын. Барлық қатысушыға тілерім: осындай іс-шараларда еңбектері жемісті болса берсін!