Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, республикалық референдум еліміздің ұзақ мерзімді даму бағытын айқындаған тарихи оқиға болды. Азаматтар жаңа халықтық Конституция жобасына тұтас ел болып қолдау білдірді. Бұл реформа – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекет басшысы болып сайланғалы бері жүргізіліп келе жатқан жүйелі саясаттың дәйекті жалғасы әрі ауқымды жұмыстың нәтижесі.
Сенат спикері алда жаңа Конституциядан туындайтын заңдарды уақытылы қабылдау міндеті тұрғанын атап өтті. Палата жоспарына сәйкес, алдағы күндері атом өнеркәсібін дамыту, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың қызметін жетілдіру секілді мәселелер қаралады.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Өздеріңізге белгілі, жаңа халық Конституциясы жобасына байланысты республикалық референдум өтті. Мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне берік негіз болатын жаңа Ата заңға азаматтар тұтас ел болып қолдау көрсетті деп сенімді түрде айта аламыз. Шын мәнінде, бұл реформа Президентіміз Қ.Тоқаевтың Мемлекет басшысы болып сайланғалы бері жүйелі түрде жүргізіп келе жатқан саясатының дәйекті жалғасы. Осындай үлкен жұмыстың нәтижесі ретінде халық Конституциясы қабылданып жатыр. Алдымызда жаңа Конституцияда туындайтын заңдарды уақытылы қабылдау міндеті тұр. Сондықтан енді ары қарай да бәріміз бірге Президентімізге, елімізге, мемлекетке қызмет ете береміз деп сенеміз.