«Біз дос болғанға құшағы ашық туыспыз, қас қылғанға қиып түсер қылышпыз. Ақиқаттың ақ туын берік ұстаған хан Абылайдың бұл ойтолғамы Ұлы даланы мекендеген қайсар халықтың бітім-болмысын анық айшықтап тұр. Атырау мен Алтайдың арасындағы алып атырапта қалыптасқан осынау дара қасиетті бүгінгі ұрпақтың бұра тартқан жері жоқ. Бабалар даңқын бұлдап, сол көне сілемдердің негізінде жаңа тарихтың тараулары жазылып жатыр. Яғни біз – халықтық саясаттың мәртебелі мектебінен шыққан елміз».
Бұл турасында Елбасы «Ұлы дала ұлағаттары» кітабында былайша сөз келтірген: «Ежелгі іздің сүрлеулері бізді жаңа заманның мінберінен сөз айтуға жеткізді. Демек саясаттың ең басты ұстанымы – бірлік».
Ол бірліктің аясын тарылтуға болмайды. Ол – қазақстандықтардың бірлігі. Ол – барша адамзаттың бірлігі. Саясатымыздың бір артық тұсы – осы.
Қазіргі таңда Қазақстан әлемнің 182 мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынаста. Солардың ішінен ең деп ерекшелейтін сенімді серіктес елдердің бірі – Германия Федеративтік Республикасы. Ширек ғасырлық уақытта қазақ-герман байланысы болаттай беріктікке ие болды.
Елімізге инвестиция құю жөнінен Германия алғашқы ондыққа кіреді, ал сауда-саттық бойынша басты бестікте. Қазақ жерінде неміс капиталының қатысуымен 900-ден аса кәсіпорын жемісті жұмыс істеп жатыр.
Осынау ырысты ынтымақтастықтың негізі Нұрсұлтан Назарбаевтың 1992 жылы Германияға жасаған алғашқы ресми сапарында қаланған. Содан бері Мемлекет басшысы неміс жерінде сегіз мәрте болып қайтты. Әр сапар екі арадағы қатынасқа ерекше әл берді.
Атап айтар болсақ, Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық жұмыс тобы, қазақ-герман іскерлік кеңесі, Орталық Азиядағы герман экономикасының өкілдігі және Берлин Еуразиялық клубы сынды диалогтық алаңдар мен институттар қалыптасты.
Экономикалық байланыспен қатар, Қазақстанды мекен еткен және елімізден Германияға қоныс аударған этникалық немістер мәселесіне де айрықша мән беріледі. Себебі олар – екі тарапты жақын ете түсетін бірден-бір алтын көпір.
Жиырма бес жылда қалыптасқан етенелікке енді жаңаша екпін берілмек. Осы аптада Германияның он екінші Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Астанада ат байлаған болатын. Бұл – оның Президент ретінде Қазақстанға жасаған алғашқы қадамы. Сондай-ақ ол EXPO-2017 көрмесі аясында Германия күнінің өтуімен әрі қазақ-неміс дипломатиялық қарым-қатынасының 25 жылдығымен тұспа-тұс келді. Символдық мәнге ие болған сапар барысында бірнеше құжатқа қол қойылған.
Қазақстан-Германия дипломатиялық қарым-қатынасы орнағалы ширек ғасыр. Түрлі салада байланыс нығайды. Ендігі меже – ынтымақтастықты арттырып, жаңа жоспар түзу. Бұған Германия Президентінің қазақ еліне сапары тың серпін берері анық.
Наурыз айында Германияның Президенті болып тағайындалған Франк-Вальтер Штайнмайер ТМД елдері ішінде бірінші Қазақстанға сапарлады. Бұған дейін сыртқы істер министрі қызметін атқарған тұста Нұрсұлтан Назарбаевпен жиі кездесіп, пікір алысқан. Елбасы екеуара кездесуде танымал саясаткердің ел тізгінін ұстағанын құп көріп, неміс халқы таңдауының дұрыс болғанын айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Я рад возможности лично поздравить вас с избранием на должность президента страны. Вы являетесь уважаемым, известным всему миру политиком, и думаю, что германский народ в вашем лице обрел очень авторитетного президента. Германия – крупнейшая страна, крупнейшая экономика мира, и нам очень приятно, что мы являемся хорошими партнерами вашей страны. И мы заинтересованы развивать отношения по всем направлениям. Мы давно с вами знакомы. Сотрудничаем. Всегда были приятны наши встречи. Обсуждали разные вопросы.
Германия – біздің елдің Еуропадағы бірден-бір сенімді серіктесі. Қазақстанда 900-ден астам компания жұмыс істейді. Мемлекетке 4 миллиард доллардан астам инвестиция құйған.
-Нам очень приятно, что мы являемся хорошими партнерами вашей страны. Сейчас есть новая программа нашего сотрудничества, мы заинтересованы развивать эти отношения по всем направлениям. Сейчас проходит деловой совет в рамках вашего визита. Подписывается около 20 соглашений между бизнес-структурами.
EXPO-2017 көрмесінің Германия үшін маңызы ерекше. Себебі бұл ел жаңартылған энергия көздерін 30 пайыздан асырған. 2050 жылы баламалы қуат көрсеткішін 80 пайызға жеткізуге ниетті.
Франк-Вальтер Штайнмайер, Германия Федеративтік Республикасының Президенті:
-Құрметті Президент, Сізге жылы қабылдап, достық лебіз көрсеткеніңіз үшін алғысымды білдіремін. Мен Қазақстанға бірінші рет келіп отырған жоқпын. Ширек ғасыр бойы біз жарасымды байланыс орнатып, дипломатиялық қарым-қатынасты үздіксіз дамытып келеміз. Осы уақыт аралығында қос елдің арасындағы экономикалық, гуманитарлық, мәдени байланыстарымыз нығая түсті. Оның жарқын көрінісі – EXPO-2017 көрмесіне германиялық компаниялардың белсене қатысуы. Мен EXPO-дағы Германияның ұлттық күні менің ресми сапарыммен тұспа-тұс келгеніне қуаныштымын.
Былтыр екі мемлекет арасындағы тауар айналымы 2 миллиард долларға жуықтаған. Германия Еуроодақ елдері ішінде біздің елмен сауда жасау көрсеткіші бойынша төртінші орында. Биылғы 4 айдағы алыс-беріс көлемі 553 миллион долларды құраған.
-Мы продолжаем эту работу, наращиваем объемы наших отношений. Мы обсудили возможность участия германского бизнеса в использовании передовых технологий в процессе индустриализации Казахстана. Ключевое внимание отводится эффективной реализации соглашения о партнерстве в сырьевой, промышленной, технологической сферах, которые у нас есть. Надо усилить взаимодействие в рамках приватизации, подготовки профессионально-технических кадров. Важно активизировать двустороннее сотрудничество в энергетике, сельском хозяйстве, транзитно-транспортной сфере. Учитывая выгодное географическое положение, мы намерены объединить усилия по продвижению сухопутной доставки грузов через Азию от Китая до Германии.
-Жібек жолы арқылы тауарлар ғана емес, интеллектуалды идеялар да таралды. Сондықтан біз алдағы уақытта аталған жоба Батыс пен Шығысты жақындастыра түседі деп сенеміз. Осы орайда Қытай мен Еуропаның арасында жатқан Қазақстанның атқарар рөлі зор.
«Бір белдеу, бір жол» жобасы аясында өзара әріптестік нығайды. Германия бұл бағытта Қазақстанды тұрақтылықтың мекені ретінде айрықша жоғары бағалайды. Қауіпсіз әрі сенімді байланысты алдағы уақытта арттыра түсуге мүдделі.
-Қазақстан үшін Орталық Азияда сыртқы саясатты жүргізу оңай емес. Мен оны ылғи айтамын. Себебі екі жақтағы көршілермен тіл табыса білу керек. Негізі біз Қазақстанды осы аймақтағы тұрақтылық пен тыныштықтың мекені ретінде жақсы білеміз. Бұл ретте сіздердің ядролық қарудан бас тартып, бейбіт өңірді құру жолындағы еңбегіңізді жоғары бағалаймыз. Соның арқасында саяси-экономикалық дамуға да жол ашылады.
Қазақстан бейбіт бастамалары арқылы әлемге танылды. Таяу Шығыста тыныштық орнауын көздеген бірден бір ел екеніміз де рас. Нақтырақ айтсақ, Сирия мәселесін шешуге бағытталған келіссөздер Астанада өтті. Нәтижесіз емес. Оның сыртында сол елге гуманитарлық көмек көрсетіп, көпке үлгі танытты. Мұны төрткүл дүние біледі. Сол себепті біздің мемлекеттің әр ісіне сенеді.
-Благодаря поддержке Германии и личным усилиям господина Штайнмайера была принята первая стратегия Европейского союза по Центральной Азии на 2007-13 годы, а также запущена водная инициатива для нашего региона. Выражаем признательность вам и вашей стране за ратификацию соглашения о расширенном партнерстве Казахстана с ЕС. Мы высоко оцениваем роль Германии в мировой политике, в частности, недавно принимавший в Гамбурге саммит «Большой двадцатки». Естественно, мы обсуждали проблему в Украине, на Ближнем Востоке и затронули тему гуманитарно-культурных отношений, расширения Казахстанско-Немецкогоуниверситета, подготовки кадров.
Әріптестік әр салада өрістей түседі. Бұл жолы жалпы сомасы 1 миллиард доллар болатын 20 келісімге қол қойылды. Демек, екі елдің ресми билігі ғана емес, іскер топ өкілдері де белсенді.
Авторлары: Бағдат Бектұрғанқызы, Сәкен Сейітханұлы, Айдос Меделбеков Президент ТРК көмегімен
Іскерлік қатынастың ілгері басқандығына бірден-бір дәлел – Германия ұйымдары мен компанияларының EXPO-2017 көрмесіне белсенді қатысуы. Көрме алаңын көргендер біледі: немістің әйгілі брендтері өз бұйымдарын шараға арнайы шақтап әкелген.
Ақордадағы кездесуден соң, Нұрсұлтан Назарбаев Германия Федеративтік Республикасының Президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен Астана EXPO-2017 көрмесіне барды. Елбасы мәртебелі мейманды қалашық аумағында аралатып, аз ғана уақытта салынған керемет ғимараттармен таныстырды.
Президенттер неміс халқының ұлттық павильонына аялдады. Нұрсұлтан Назарбаевтың назарына әріптесі алдымен көлік және тұрғын үй саласындағы тәжірибелерін ұсынды. Жалпы бұл мемлекет жаңа технологияларды енгізу бойынша әлемде көш бастап тұр. Оған «Индустрия 4.0» бағдарламасын елден бұрын бастаулары дәлел. Осы бағдарлама аясында жүзеге асқан жобаларды «Болашақ қаласы» және «Болашақ картасы» аталатын көрме алаңдарынан көруге болады. Айта кетейік, бұл павильон EXPO-2017 қалашығындағы ең көрнекті әрі ауқымдыларының бірі саналады. Жалпы аумағы шамамен 1 мың шаршы метрді алып жатыр. Мұндағы 4 бөлімнен тұратын стэнд немістердің баламалы қуат көзін қалай пайдаланатыны туралы ауқымды ақпарат беріп тұр. Сонымен қатар жұртшылық назарына Германияда өндірілген озық үлгідегі электромобильдер ұсынылды. Яғни павильон «Өндірілген энергияны үнемдеу және сақтау» тақырыбына сай жан-жақты мән-мазмұнға ие. Осы және өзге де қызықты көріністерді тамашалаған Елбасы германиялықтардың тәжірибесін ерекше бағалап, құрметті қонақтар кітабына ізгі ниетін қалдырды.
Бұдан әрі Нұрсұлтан Назарбаев Франк-Вальтер Штайнмайер бастаған неміс делегациясын өзі тізгіндеген электрокармен «Нұр Әлем» павильонына алып барды. Мұнда құрметті қонақтар еліміздің терең тарихы мен бай мәдениетін интерактивті экспозициялар арқылы тамашалап, ерекше әсерге бөленді. «Нұр Әлем» – жер шары іспеттес әлемдегі бірегей нысан. Оның диаметрі – 80 метр, ал биіктігі – 100 метр. Сфера «Қазақстанмен танысу» және «Жасампаздық энергиясы» атты басты тақырыптарды қамтиды. Неміс делегациясы мұнда еліміздің табиғаты, мәдениеті және тарихы туралы мол мағлұматқа қанықты. Сондай-ақ Қазақстанның өткені мен болашағын бағамдады. Нысанның әр қабаты ғарыш, күн, биомасса, жел, су және кинетикалық энергияға арналған. Ал сегізінші қабат «Астана – болашақтың қаласы 2050» экспозициясына арнайы бөлінген. Қазақстандық павильонның ерекше көріністеріне куә болып, қайран қалған Германия Президенті құрметті қонақтар кітабына жылы лебізін жазып қалдырды.
Болашақ қуатының бір қайнар көзі – атом энергиясы. Тек оны бейбіт жолмен өндіру қажет. Ал оның кілті масса мен энергияның өзара байланысында. Бұл заңдылықты енгізген Альберт Эйнштейн еді. Демек, атаулы екеуінің адамзат өмірінен алар еншісі мол.
Ал олардан кейінгі орында қандай зат тұр? Бұл сауалға француз философы Поль Вирильо жауап беріпті. Ол «ақпаратты» алға тартқан. Онысы да орынды шығар?!
Қазіргі жаһанданған заманда елдердің мемлекеттік шекарасы болғанымен, ақпараттық шекарасы жоқ. Сондықтан сырттан келер ақпараттық-идеологиялық қауіп-қатерге қарсы тұру – өте қиын шаруа.
Бұл мәселе осы аптада Ақордада айтылды. Анығы Елбасының төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті. Жиында қиберқылмыспен күрес және терроризмнің алдын алу жайы жіпке тізілді. Мемлекет басшысы ақпараттық технологияларды заңсыз пайдалануға қарсы тұру қажеттігін атап өтті. Бұл ретте биылғы Жолдау жүктеген міндеттерді мінсіз атқарудың маңыздылығы зор. Себебі сандық технологияларды дамыту арқылы ғана ақпараттық тәуелсіздікке қол жеткізуге болады.
-Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар адам мен мемлекет тіршілігінің мызғымас бөлігі болды. Пайдасы да, келтіретін зияны да бар. Ғылыми табыстарды, жетістіктерді пайдалана отырып, әскери, саяси салада, тіпті өнеркәсіптің өзіне тиісті жағдайлар бар. Оны барлығымыз білеміз. Айтып жатудың қажеті жоқ. Солай ғой?! Киберқауіпсіздіктің зияны бізге ғана емес, Америка сияқты мемлекеттің өзіне тиіп отыр. Ресейге шабуыл жасалып жатыр.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі және әлемдегі террорлық топтардың лаңкестік әрекеттерін тілге тиек етіп, оларға қарсы тұруға бағытталған жұмысты бір жолға қою қажеттігін айтты. Кездесу соңында жауапты органдарға нақты тапсырмалар берді.
-Әлемде болып жатқан соңғы оқиғалардың барлығын өздеріңіз білесіздер. Еуропада, барлық жерлерде лаңкестердің істеп жатқаны бар. Біздің Ақтөбеде, Алматыда болды. Оның бәрін қарадық. Қазір не істеп жатырмыз? Соны қарадық, болдық деп отырмыз ба, әлде ары қарай жұмыс істейміз бе? Осы мәселені қарайтын боламыз. Сондықтан жұмысымызға кірісейік.
Қазіргі соғыстың сыйқы басқа. Гибридті – ол. Яғни әркімнің қойынына «тыққан тасы» бар. Сол тастың қай тасадан келіп тиерін, ешкім болжап білген емес. Тосыннан топалаң салғанын талай көрген біздің әлем. Сондықтан қорғанымызды қуаттап отырғанымыз өзге емес, өзімізге жақсы.
Осыны мақсат еткен Елбасы бір жыл ілгеріде Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігін құрған болатын. Осы аптада Мемлекет басшысы атаулы министрліктің тізгінін ұстаған Бейбіт Атамқұловты қабылдап, жылдық жұмыстың жай-жапсарымен танысты. Танысып қана қоймай, маңызды міндеттер де жүктеді. «Қарулы Күштерімізге қажет қару-жарақ ел ішінде шығарылуы керек», – деді Президент. Сонымен қатар аэроғарыш қызметін дамыту және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары да осы министрліктің мойнында екенін ескертті.
-Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің құрылғанына бір жыл болды. Бір жыл аз уақыт емес. Негізгі мақсат – біздің әскерімізге керекті қару-жарақты өзімізде шығару. Ол оңай мәселе емес. Сол өндірістер арқылы ғылыми-техникалық прогресс жағын ұйымдастыру және оны өндіріске үйрету. Екінші – ғарыштық мәселе. Үшінші – кейбір апаттарға қарсы жұмыс істеу. Істеліп жатқан ең негізгі шаруалар осы. Бұрында әр мекемелерде істеп жүрді. Енді бір министрлік құрылды. Бұл министрлік өте мықты, ғылым мен техниканың ең ұшында тұратын министрлік деп санаймын.
Бейбіт Атамқұлов, ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
-Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, министрлік Сіздің Үшінші жаңғыру бойынша Жолдауыңызды іске асырып жатыр. Аз уақыттың ішінде қорғаныс өнеркәсібі және аэроғарыш саласында бірқатар нәтижеге жеттік. Қорғаныс өнеркәсібі кешенін, кәсіпорындарын технологиялық жаңғырту және өнімін экспорттау бойынша жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастырдық, оны іске асыруға кірістік.
«Кең жерде тар отырсаң, тар жерде кең отырарсың» деп бағзыда айтқан біздің халық. Сондықтан сақтықты сайлап, бес қаруды майлау естен шықты деп елеңдеміз. Егемендікті еншілеп, етек-жеңді жыя сала мемлекеттің қолға алғаны – Қарулы Күштердің қуатын арттыру. Арттырды да. Қазір қорғаныс саласының өндірісі өркендеп келеді.
Жоғарғы Бас қолбасшының тапсырмасымен 2003 жылы «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы құрылған. Қазір оның қарамағында 27 кәсіпорын бар.
Олардың жетістігіне «Кадекс» көрмесінде көзайым болғансыз. Айтулы шарадан кейін «Арлан», «Барыс» сынды атына заты сай ұрыс техникаларына сұраныс артқан.
Қазақ армиясының қарымына көпшілік куә. Әскери шеруден көреді. Оқу-жаттығулардан байқайды. Ал енді Отанның берік қалқаны Ұлттық Қауіпсіздік Комитетіне келсек, ондағы жауынгерлердің еңбектерін елеу жалпы жұртқа қиын. Өйткені олар жасырын жүріп, жауды жайратады. Осындай ауыр жүкті арқалаған дербес құрылымға 13 шілде күні 25 жыл толды. Айтулы датаға орай салтанатты жиын ұйымдастырылды. Оған Елбасы арнайы қатысты.