«Хабарға» 30 жыл: кадр сыртында қалған естеліктер

  • 13
  • 15.10.2025, 19:48

«Хабардағы» жаңалықтардың басым бөлігін аймақтар құрайды. Ондағы мақсат - көзі қарақты көрерменге ел тынысынан көбірек ақпарат беру. Бұл тілшілер қосынының тынымсыз еңбегінің де жемісі. Еліміздің түкпір-түкпірінде болып жатқан маңызды оқиғалардың ортасынан табылып, өзекті мәселелерді дер кезінде жеткізетін меншікті тілшілер мен операторлар қауымы. Бүгінгі сюжет Қызылорда облысындағы тілшілер қосынында әр жылдары еңбек еткен және «Хабардан» алыстамаған әріптестеріміз жайында.

Хадиша Әлімқызының телевизия саласында жүргеніне биыл 30 жыл. Бүгінде ол аудармашы-редактор қызметін атқарады. 1990 жылдардың соңында «Хабарға» тілші болып орналасып, мыңжылдықтың басында туған жері Қызылорда облысына меншікті тілші болып барады. Жалғыз өзі поездың екі купесіне техниканы салып алып, күрішті аймақта тілшілер қосынын қайта жаңғыртқан. Бірнеше жыл ауыл-аймақты аралап, халықтың көкейіндегі мәселелерді 
көтеруге тырысты. Ол тілші болған жылдары өңірдің экологиясы аса күрделеніп, экономикасы да аса дами қоймаған кез еді.  

Хадиша Әлімқызы, «Хабар» Агенттігі» АҚ Қызылорда облысындағы бұрынғы тілшісі /2002-2006/:

-Тоқсаныншы жылдардың тоқырауынан кейін жол мәселесі, мектеп мәселесі, мектеп, тіпті жарықсыз отырған ауылдар болатын. Телевизор көрмеген балаларды көрдік қой. Телевизордың не екенін білмейтін кішкентай балалар. Солардың мәселесін мысалы шешіп бердік. Жер дауы көп болатын ол кезде енді. Оларға да араласатынбыз.


Араға уақыт салып «Хабардың» Алматыдағы орталық бөліміне қайтады. «Жаңалықтар» жүргізіп, «Көзқарас» бағдарламасын тізгіндейді. Ал Қызылорда облысының тілшілер қосынын жас журналист Бағдат Бектұрғанқызына өткізеді. Бұл 2006 жылдың 27 шілдесі болатын. Дәл осы күні Ресейдің «Днепр» зымыран‑тасығышы ұшырылымынан кейінгі 73‑ші секундында Қармақшы топырағына құлаған еді. Сондықтан оның «Хабар» арнасына әзірлеген алғашқы репортаждары осы оқиғаға байланысты болды. Ол тілшіліктегі 6 жылында оператор Әлхайдар Тұрлыхановпен бірге ауыл-аймақтан тұрақты хабар жеткізіп тұрды. Көктемгі тасқын, тікұшақ апаты кезінде оқиға орнынан табылып, репортаждар берді. 

Кейін қызметін Астанада «Жеті күн», «Жаңалықтар» ұжымында жалғастырып, аймақтық тілшілер желісіне 7 жылдай жетекшілік етті. Қазір «Хабар» арнасында шығарушы редактор.   

Бағдат Бектұрғанқызы, «Хабар» Агенттігі» АҚ Қызылорда облысындағы бұрынғы тілшісі /2006-2012/:

-Біз ол кезде интернетпен жарыстық. Біздің жағдайда «Хабардың» ең басты артықшылығы деп ойлаймын. Қандай жаңа техника шығады.
Камера болсын, компьютер болсын. Интернет жабдығы болсын, бірінші «Хабар» арнасында болатын. Біз енді өңірде көп жыл жұмыс істедік қой. Сонда біздің корпункте техниканың ең жаңасы бірінші бізде болатын.  

Шынайы әрі нақтыланған ақпаратты көрерменге дер кезінде жеткізу аймақ тілшілерінің басты ұстанымына айналған.
Олар үшін алыс жол, қолайсыз ауа райы да кедергі емес. Қажет кезде тілшілерге жүктелген міндетті бірлесіп атқаруға жұмыла кетеді. Мәселен, 3 жыл осы аймақта тілші болған Әлібек Байшуленов Арыстағы жарылыс кезінде оқиға орнынан тікелей хабар жеткізген.     

Әлібек Байшуленов, республикалық «Казахстанская правда» газетінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі:

-Қызылорда облысының корпункті барып, ол жерде де екі аптаға барып, ол жерде де 24 сағат, тәулік бойы жұмыс істедік. Мына Қызылорда облысында вертолет құлаған кезде де қар, жаңбыр жауып тұрып, тәулік бойы соның басында еш жаққа шығармайды. Сонда сағат сайын бір сағат орыс тілінде, бір сағат қазақ тілінде тікелей эфирлерге шығып тұрдық.

Асығып, кейде жүгіріп жүретін әдет тілшілерге ортақ. Бірақ үш тілші де оқиға орнына дереу жетемін деп талай рет жол апатына түсіп, дене жарақатын алған. Тіпті Сырдарияның тасығанын айтамыз деп жүргенде қайықпен суық суға батқан кездері де болған. Бірақ оның барлығы кадр сыртында қалды. Себебі бұл журналистика. Ал журналистика тек кәсіп емес, өмір!  

Алуа Маханбет, Қайрат Кальянбеков, Аманжол Байғазин