«Astana Media Week 2026» медиа апталығында жасанды интеллект пен медианың болашағы талқыланды. «AI, IT & MEDIA: жауапкершілік шекарасы» атты пікірталасқа қатысқан «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрайымы Ләззат Танысбай жасанды интеллект дәуірінде сенімді әрі сапалы ақпараттың маңызы арта түскенін атап өтті.
«Биыл 28 қыркүйектен бастап «24KZ» телеарнасы жаңа форматқа көшті. Қазір жаңалықтар күн сайын 18 рет тікелей эфирде шығады. Оның ішінде экономика, нарық, аймақтық және халықаралық күн тәртібіне, терең талдау мен сараптамаға маңыз беріледі. Арна эфирі үшін әр сала бойынша тұрақты әрі білікті сарапшылар пулын құрып жатырмыз. Жасанды интеллект дәуірінде тексерілген, сапалы ақпарат таратудың ауқымын кеңейту – біздің негізгі міндетіміз. Болашақ AI-сервистерге дәл осындай ақпарат негіз болуы тиіс», – деді Ләззат Танысбай.
«24KZ» телеарнасы енді күн сайын сағат 07:00-ден 01:00-ге дейін тікелей эфирде жұмыс істейді. Әр ақпараттық шығарылымның ұзақтығы бір сағатқа дейін ұлғайды. Жаңартылған эфир кестесі көрерменге күн бойғы жаңалықтарды жедел әрі жан-жақты ұсынуға бағытталған. Таңертеңгі эфирде пайдалы ақпарат пен жедел жаңалықтар қамтылса, күндізгі шығарылымдарда елдегі өзекті тақырыптар талқыланып, сала мамандарының сараптамасына басымдық беріледі. Кешкі уақытта әлем бойынша күннің басты оқиғаларына шолу жасалып, олардың маңызы мен ықпалы түсіндіріледі.
Жасанды интеллектіні шығармашылық өндірісте тиімді пайдалану мақсатында Агенттік көпжылдық телевизиялық мұрағатты AI технологияларымен интеграциялау жұмысын қолға алмақ.
«Қазіргі таңда «Хабар» Агенттігінің мұрағатында 50 мың сағатқа жуық телевизиялық контент жинақталған. Алдағы уақытта осы материалдарды жасанды интеллект көмегімен іздеуге, өңдеуге және тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін бірыңғай жүйе құруды жоспарлап отырмыз», – деді Агенттік басшысы.
Сондай-ақ Ләззат Танысбай жаңа технологияларды енгізу барысында журналистердің кәсіби білімі мен тәжірибесін жетілдіру маңызды екенін атап өтті.
«Телевизия мамандары жасанды интеллект олардың жұмысын алмастыра ма деп алаңдайды. Бірақ олай емес. Өйткені сапалы контент жасау үшін эмоция, тәжірибе, шығармашылық көзқарас, креатив маңызды. Біздің басты құндылығымыз – кәсіби мамандар. Сондықтан қызметкерлердің біліктілігін арттырып, жаңа технологияларды олардың жұмысын жеңілдетуге және кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуге бағыттауымыз қажет», – деді Басқарма Төрайымы.