Хабар телеарнасы

«Хабар» телеарнасының журналисі «Дарын» сыйлығының лауреаты атанды

Биылғы байқауға 200-ден аса үміткер қатысқан. Солардың тек 20-сы ғана іріктеліп, 10 аталым бойынша жеңімпаз атанды. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан үздіктер қатарында «Хабар» арнасының журналисі де бар.

Талаптылар бас қосқан жиында басты арна қызметкері топ жарды. «Журналистика» аталымы бойынша Мырзабек Түсіпов марапатталды. Ол 10 жыл бойы дүйім жұртты өз туындысымен сусындатып келеді. Абыройлы арнаның адымын алшаңдатып, медиа саланың дамуына сүбелі үлесін қосып жүр. «Бүгінгі ілтипат – төгілген тер мен елеулі еңбектің жемісі», – дейді жеңімпаз.

Мырзабек Түсіпов, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты:

- «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын алу өте зор мәртебе деп есептеймін. Бір жағынан жауапкершілік артады. Осы марапатқа лайықты болып, кеудеге тағылған наградаға сай өзіңді көрсетіп, өзгелерге үлгі болуым керек. Әрине, кез келген еңбек адамының ісі бағаланса, өз жұмысында жаңа бір нәтижеге, жаңа бір сатыға көтеріледі.

Иә, биылғы байқаудың жөні бөлек, жосығы ерек болды. Жарысқа қатысуға ниет білдіргендердің қатары көбейіпті. Осы жылы 200-ден аса үміткерден өтініш қабылданған. Солардың тек 20-сы ғана іріктеліп, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Әр номинацияны екі адамнан еншілеген. Атап айтқанда, «Әдебиет» әлемінің үздігі Жадыра Байбұланова атанса, «Эстрада» аталымын Марат Әйтімбай жеңіп алды.

Марат Әйтімбай, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты:

- Өнерпаз үшін «Дарын» сыйлығын алу үлкен мәртебе сияқты. Оның жауапкершілігін сезіне білу қажет.

Жадыра Байбұланова, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты:

- Өте қуанышты әсерде тұрмын. Себебі бұл жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан жандарға берілетін сыйлық қой. Сондықтан өте қатты қуанып тұрмын.

Жеңімпаздар Жастар жылы аясында марапатталып отыр. Байқау 1992 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Содан бері 200-ден астам дарын иесіне мемлекеттік сыйлық берілген.

Авторлары: Бірлік Берікұлы, Қанат Әбілдин