«Хабар» арнасынан «Келінжан 2» телехикаясы жуырда көрермен назарына ұсынылады
Қазір көрермен көзайымына айналып, ғаламторда рекордтық қаралым жинаған телехикаяның жалғасы түсіріліп жатыр.
«Хабар» Агенттігінің тапсырысы бойынша түсірілген телехикая бірінші маусымнан да қызығырақ болады», – дейді сценарий авторы әрі фильм продюсері Гүлнұр Мамасарипова.
Екінші маусым Асқар мен Асылымның сәбилі болып ауылға оралуымен басталады. Кіші келінді қара шаңырақтың анасы, яғни енесі жылы қарсы алады. Ағалы-інілі Қылышбек пен Мәдібек, абысынды Айсара мен Балқияның өмірі де бәз-баяғы күнделікті күйбең тіршіліктіктің қызығы мен шыжығына толы.
Гүлнұр Мамасарипова, бас продюсер:
– Негізі «Келінжанның» жалғасын түсіру-түсірмеу туралы көп ойланып, бір жылдан астам уақыт өткеннен кейін түсіруге бел байлап отырмыз. Екінші бөлімінде ең бастысы барлық кейіпкерді сақтап қалуға тырыстық. Бұл өте күрделі процесс болды. Бірақ сәтін салып, барлығымен келіссөздер жүргізіп, келісімге келдік.
Жаңа маусымда жаңа кейіпкерлер де бар. «Олардың арасында танымал актерлер де болады» деп сценарий авторы Гүлнұр Мамасарипова құпияның бір шетін ашты. Жас келінге демеу болған Қасым атаның үйіне бозбала келген болса, Қылышбек жұмыс істейтін мектепке жаңа директор тағайындалады. Айсараның ызасын келтіретін бұл кейіпкер көпшіліктің көңілінен шығар ма екен?
Рүстем Жаныаманов, актер:
– Иә, сюжет өте қызық. Осы жолы да өте әдемі жазылған. Гүлнұр Мамасарипова өзі сценарийге кіріскен болатын. Енді ол әзірге жұмбақ болсын деп айтқым келеді. Өйткені талай қызық болады, өзіме де қызық болып тұр.
Ғаламторда «Келінжан» телехикаясының алғашқы бөлімі 10 күннің ішінде 1 млн-нан астам қаралым жинаған. Ал бүгінге дейін бұл телехикаяны 30 млн-ға жуық адам көрген. «Себебі әр кейіпкерден әркім өзін немесе жақынын таныды» дейді актерлер қауымы.
Дариға Бадықова, актриса:
– Әркім Айсара арқылы өз өмірін көрген сияқты. Маған ер адамдардың бірқатары: «Менің әйеліме ұқсайсың», – деп хабарласты. Кәдімгі Айсараны көрген ер адам да , Айсараны көрген ене де, Айсараны көрген әйел де болды негізінде.
«Келінжан-2» телехикаясының екінші маусымы 15 бөлімнен тұрады. Түсірілім тобы: «Қарапайым қазақ шаңырағындағы әрбір оқиға алдыңғы бөлімнен де әсерлі болады», – дейді. Сонымен «Хабар» арнасының күзгі маусымында жаңа телехикаяны тамашалауды ұмытпаңыз!
Авторлары: Алуа Маханбет, Валентин Лобанов