«МАСКА 2»: Мысықтың костюмінде кімнің өнер көрсеткені белгілі болды
Ол белгілі әзілкеш, «беташарист» Қабдол Тілеков болып шықты. Өнер иесі ағылшын тіліндегі «Low» әнін орындады.
«Мен «Маска» шоуының бірінші маусымының жанкүйерімін. Екінші маусымға қатысуға ұсыныс түскен кезде, бірден келістім. Қазылар алқасы мені бидегі қимылдарымнан таныды деп ойлаймын. Бүгін жобадан шыққым келмеп еді», - деп бөлісті экс-қатысушы.
Қазіргі таңда «Маска» шоуында сегіз қатысушы қалды. Олар: Аю, Дәуіт, Жарқанат, Қарлығаш, Қасқыр, Қоян, Үкі және Әтеш. Алдыңғы шығарылымдарда өнер көрсеткен Айжан Байзақова (Кәмпит), Әбілмансұр Серіков (Қоржын), Қарлығаш Мұхамеджанова (Жұлдыз), Ақбота-Нұр Сейтмағамбетова (Бәйшешек), Рухия Байдүкенова (Қарлығаш), Айжұлдыз Адайбекова (Леопард) жобамен қош айтысты.
The King of Mask Singer корей жобасының қазақстандық аналогы болып саналатын «Маска» музыкалық телешоуы алғаш рет 2021 жылдың наурыз айында экранға шығып, көрермендердің қызығушылығына ие болды. Музыкалық жобаның бірінші маусымының жеңімпазы - әнші әрі театр әртісі Ерден Жақсыбеков.
Естеріңізге сала кетейік, ғажайып пен сырға толы ең танымал музыкалық «Маска» шоуының 2-маусымы 26 ақпан күні «Хабар» арнасынан көрерменге жол тартты. 2-маусымда қазылар алқасының құрамын Марат Оралғазин, Қайрат Әділгерей, Жанар Айжанова, Ерке Есмахан толықтырды.
Телешоу әр сенбі сайын сағат 19:15-те көрсетіледі.