Тараздық кәсіпкер Оңтүстік Кореяда қазы жасайтын цех ашты
Оңтүстік Кореяда тұратын Тараздың тумасы Дмитрий Пяк жылқы етінен шұжық жасайды.
Оңтүстік Кореяда қазы жасап шығарылады. Бұл елде ет өнімдерін өндіруге қойылатын санитарлық талаптар өте қатаң. Цех қызметкерлерінің барлығы арнайы киім киюге міндетті. Өндіріс орнында нөльден төмен температура сақталуы тиіс.
Дмитрий Пяк, кәсіпкер:
-Біз тағам өндірісінен хабары бар кеңесші жалдадық. Дайындау әдісіміз оңтүстік қазақстандық десем болады. Біз ол жақта тұрғанда қазыны өзіміз жиі жасайтынбыз. Әжем әзірлейтін, мен де көмектесетінмін.
35 жастағы кәсіпкер Дмитрий Пяк 2008 жылы оқуға келген. Содан бері Оңтүстік Кореяда тұрады. Бірнеше азық-түлік дүкенінің иесі. Қазыны жасап шығаратын өндіріс ашу идеясы оған 6 жыл бұрын келген. Бірақ өткен жылы ғана лицензия алып, цех ашты. Жылқы етін Чеджу аралынан сатып алады. Бұл - Оңтүстік Кореяда жылқы етін тұтыну дәстүрі сақталған жалғыз аймақ. Бұл аспаздық дәстүр 12-ғасырда, Кореяға моңғол әскері басып кірген кезде пайда болған.
Дмитрий Пяк, кәсіпкер:
- Иә, Чеджу аралында жылқы етін жейді, бірақ олар оны шикілей, сашими түрінде тұтынады. Біз қазір өте жақсы жеткізушімен жұмыс істеп жатырмыз. Оның жеке жылқы фермасы бар. Біз онымен келісімге келдік, жылқыларды арнайы бордақылайды. Себебі мұнда жылқылар аса семіз емес. Сондықтан оларды бір айдай ұстап, семіртіп барып алатын болып келістік.
Пяктың кәсіпорнында дайындалған қазылар ТМД елдерінен келген кәсіпкерлердің дүкендерінде сатылады. Әсіресе Қазақстан мен Өзбекстаннан келген мигранттар тарапынан сұраныс жоғары. Жаңа жыл мен Наурыз мерекелері қарсаңында сатып алушылар көбейеді. Паран қаласындағы дүкен қызметкері Кристина Юн Кореяға Қапшағайдан келген.
Кристина Юн, дүкен қызметкері:
-Мұнда бәрі дайын күйінде сатылады. Мен жайма, дайын қазы сатып аламын. Жайманы қайнатып, үстіне пияз қосамын. Кейбіреулер сәбіз де қосады.
Дмитрий Пяктың цехы жылына шамамен 6 тонна жылқы еті мен қазы өндіреді. Биыл кәсіпкер бұл көлемді 7 тоннаға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян