Әлемдік экономикадағы дүрбелең Таяу Шығыс нарығына да әсер етті. Қазірдің өзінде шығанақтағы араб елдері мұнай бағасының құлдырауы салдарынан біраз зиян шегіп отыр. Алайда АҚШ билігі ұсынған жаңа тарифтік саясат ғаламдық компаниялардың Араб Әмірліктері мен Сауд Арабиясына көптеп мойын бұруына түрткі болды. Тіпті қос мемлекетке шетелдік инвестиция ағыны артады деген болжам бар.
Рауан Мыңбай, тілші:
- Араб Әмірліктері – Қазақстанның Таяу Шығыстағы маңызды стратегиялық һәм инвестициялық серіктесі. Қос тарап бірлесіп қолға алған сауда-экономикалық бастамалар көп. Ал әлемде болып жатқан өзгерістер Әбу Даби және Дубай секілді ірі қаржылық және логистикалық орталықтардың бизнес процесіне тікелей әсер етеді. Ол ел экономикасына пайдалы әрі тиімді болған сайын өзге мемлекеттермен серіктестік те серпінді бола түседі.
Әмірліктер әлемде ірі мұнай өндіруші болғанымен, негізгі бюджет кірісі туризм, қызмет көрсету және логистика есебінен құралады. Қара алтынға тәуелділік айтарлықтай кеміген. Ал Сауд Арабиясы, Кувейт, Қатар сынды елдерде жағдай басқаша. Таяуда ғана ондағы қор нарықтары мұнай құнының арзандауы салдарынан біршама құлдырады. Дегенмен дүниежүзілік сауда соғысы шығанақ елдеріне қолайлы ахуал қалыптастырып отыр. АҚШ билігі Біріккен Араб Әмірліктері мен Сауд Арабиясына бекіткен баж салығы 10 пайыз шегінен асқан жоқ.
Тарик Ахмед, экономист, Clubs Network бизнес қауымдастығының төрағасы:
- АҚШ-қа өнім экспортымен айналысатын компаниялардың қазір Араб Әмірліктерімен бірлесіп жұмыс істейтін мүмкіндігі туды. Себебі 10 пайыздық алым олардың шығынын біршама азайтуы мүмкін. Ол үшін алдымен жергілікті компаниямен бірлескен кәсіпорын құрып, осы арқылы дайын тауарды мұхит асыру тиімдірек болады. Мұндай келісімнен жергілікті Араб үкіметі де, серіктес тарап та ұтады.
Десе де ресми Вашингтон тариф саясатына уақытша үзіліс жариялады. Тек шығыстағы көршімізбен өзара кикілжің жалғасып жатыр. Бұл тұрғыда да Араб Әмірліктері қосымша пайдаға кенелуі ықтимал.
Сарапшылардың айтуынша, қытайлық компаниялар протекционизм қағидасынан ада Шығанақтағы бірқатар мемлекетке ойыспақ ниетті. Сондықтан кейінгі кезде Әбу Даби мен Дубайда жылжымайтын мүлікке сұраныс өскен. Оған қоса инвестициялық белсенділік жоғарылап, жергілікті бизнес сырт елмен серіктестікті сан түрлі бағытта ілгерілетуге кірісті. Оның ішінде Қазақстан да бар.
Бассам Чакер, инвестициялық компанияның жетекшісі / Дубай:
- Біздің Әмірлік пен Оман нарығында жұмыс істейтін инвестициялық компаниямыз бар. Қазақстанмен шикізат, металл және мұнай саласында ынтымақтастық орнатқымыз келеді. Халықаралық көрме аясында бизнес өкілдерімен кездесіп, осы бағытта ой бөлістік.
Бүгінде әмірліктегі алпауыт компаниялардың біздің елмен логистика, энергетика және ауыл шаруашылығы саласында бірлескен жобалары бар. Арада сенімді диалог орнаған. Қос тарап үшін ынтымақтастықты одан әрі ілгерілету міндеті тұр.
Айта кетейік, Араб мемлекетінің әлем елдерімен алыс-берісі ауқымды. Оның ішінде АҚШ пен Еуропаның үлесі басым.
Рауан Мыңбай