Дубайда Қазақстанның IT хабы құрылады

  • 34
  • 25.04.2025, 18:56

Дубайда Қазақстанның IT хабы құрылады. Бұл жайында Араб Әмірлігінде өткен жасанды зерде фестивалінде еліміздің Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлім етті. Бастама отандық стартап жобаларды Таяу Шығыс нарығында танытып, қолданысқа енгізуді көздейді. Қазақстандық тарап форум алаңында бірқатар кездесу өткізіп, маңызды келісім жасасты.

Қазақстандық стартап жетекшілері енді Дубайда өнімін ілгерілетіп, нарық мүмкіндігін кәдеге жарата алады. Бұл бастама бір есептен еліміздің IT экспортын ұлғайтуға сеп. Өршіл ғана емес, өміршең мақсат. AI фестивалі аясында қол жеткізілген уағдаластың бірі. Форум әлем елдерінің озық ой иелерін топтастырды. Оның ішінде қазақстандық мамандар да бар. Ауқымды делегацияны цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев бастап келді. Сала жетекшісі AI апталығы аясында арнайы сессия отырысына қатысты. Елімізде сәтті жүзеге асқан бастамалар мен өзгерістерге тоқталды. Қазақстандық тарап Біріккен Араб Әмірлігі, Малайзия, Сингапур және мысырлық әріптестерімен кездесіп, тәжірибе алмасты. Қазақстанда ойлап табылған технологиялық шешімдер таныстырылды. Тіпті кейбіріне сырт елде сұраныс бар. Айталық, отандық «DerekNet» жобасына Абу Даби мұнай компаниясы айрықша қызығушылық танытып отыр. Оның ерекшелігі қара алтын өндірісін деректер негізінде талдап, барынша тиімді етеді.

Саламат Қабдолов, технологиялық компанияның директоры:

-Ол мұнай-газ компанияларына мұнай мен газдың қаншалықты табылып жатқанын әлдеқайда дәлірек және дәл қазіргі мәндерді тауып беруге көмектесеміз. Сол арқылы шешім қабылдауды жақсартамыз. Мұнай өндірісін көбейту үшін барлық ұңғыманы ашу керек деп ойлаймыз. Бірақ дерекке қарағанда кейбіреуін жауып, кейбірін ашқанда одан да көп шығады. Қиын шешімдерді қабылдауға көмектесеміз.

Рауан Мыңбай, тілші:

-Қазақстанды Таяу Шығысқа танытатын тағы бір ІТ бастама Дубай халықаралық қаржы орталығында қолға алынды. Ол әмірлікте «IT hub» ашуға бағытталған. Келісімді кешенді жүзеге асыру міндеті тұр. Орталық «Astana HUB» стартаптарын Араб түбегіндегі елдерге көптеп енгізуге көмектеседі. Яғни экспорттық түсімді арттырады. 

Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

-«DIFC» және Өзбекстанның «IT Park» ұйымымен бірлесіп, Дубайда «IT hub» ашу жөнінде келісімге келдік. Бұған дейін біз Кремний алқабы, Ұлыбритания, Сингапур және Сауд Арабиясында осындай бастаманы іске асырған болатынбыз. Жаңа кешен Орталық Азияның стартап иелеріне Дубайда коворкинг және кездесу алаңына ұсынады. Венчурлық капитал тартып, инвесторлармен келіссөз жүргізуге жағдай жасайды. Мақсатымыз – қазақстандық ІТ экспортты барынша ұлғайту. 

Жаслан Мәдиевтің айтуынша, биыл Астанада халықаралық «Alem AI» жасанды зерде орталығы ашылады. ЕХРО қалашығында орналасатын кешенге әлемдік «Big Tech» компаниялар шоғырлануы мүмкін. Қазір алдын ала келіссөз жүріп жатыр. Жоба ағартушылық бағытта да жұмыс істейді. Соның аясында 1 млн қазақстандық білімін жетілдіріп, жоғары технология ісіне терең бойлай алады.

Рауан Мыңбай