Түркияда қазақ жастарының халықаралық құрылтайы өтті

  • 149
  • 28.04.2025, 18:35

Анкарада алғаш рет қазақ жастарының халықаралық құрылтайы өтті. Түркияда білім алып жүрген қазақстандықтар мен бауырлас елдерден келген студенттер тарихи жиында жүздесті. Құрылтайдың мақсаты ұлттық сана мен мәдени болмысты жаңғыртып, шетелдегі қазақ жастары арасындағы қарым-қатынасты нығайту. 

Жиын тек қазақстандықтармен шектелмеді. Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан мен Түркиядан да студенттер қатысып, түркі дүниесінің тұтастығын көрсетті. Шараны Түркиядағы белсенді қазақ жастары ұйымдастырды. 

Ахметәлі Омар, Анкарадағы «Қазақ жастары» бірлестігінің жетекшісі:

- Бүгінгі шарамызға шамамен 2,5 мың студенттей жиналып отыр. Түркияның әртүрлі қалаларынан алдырдық. Кейбіреулері өздері келіп отыр. Өте жақсы бағдарлама өтті.

Мәдени бағдарламалар да назардан тыс қалмады. «Отау» ансамблі ұлттық музыкалық туындыларды орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Қазақстаннан арнайы шақырылған өнерпаздар өнерлерін көрсетті. Жастар ән айтып, би билеп, халқымыздың салт-дәстүрін сахнада жаңғыртты.

Жанымхан Жаналтай, жергілікті диаспора өкілі:

- Керемет жиналыс болып жатыр. Ыстамбұлда кеше жолға шығып, үш көлікпен келдік. Қанша жылдан кейін Түркияның астанасында осындай шара ұйымдастырылып отыр. Біз енді кеудемізді көтеріп, басымызды аспанға қаратып, Түркияның астанасында жүрміз.

Махир Абдуллах Мухаммед, студент (Танзания):

- Бірінші рет осындай іс-шараға қатысып отырмын. Әртүрлі елден болса да бір ұлт секілді бірге әрекет етіп, селбесіп жатыр. Африкада да ел көп. Бірақ осылай бас қосып көрмеппіз. Сіздерді тануға зор мүмкіндік алдым.

Халықаралық жиынға Қазақстанның Түркиядағы елшілігі, ТҮРКСОЙ ұйымы және Түркі жастары кеңесі қолдау көрсетті. Бұл жай ғана кездесу емес, тамыры терең, тарихы ортақ халықтардың рухани сабақтастығын жалғаған алтын көпір. Қазақ жастарының осындай басқосулары енді дәстүрлі іс-шараға айналмақ.