Қазақстан астығы кәрі құрлыққа да жеткізіле бастады. Елімізде өсірілген бидайды тұрақты тұтынушылардың қатарына енді батыс Европаның төрт елі кірді. Жалпы соңғы бір жыл ішінде астық экспорты 55% өскен. Мұндай құбылыс трейдерлер мен диірмендер жұмысын қыздыра түсті. Ал шаруалар баға тұрақтылығы қажет дейді.
Бауыржан Барсақбаев – ауыл шаруашылығының жай-күйін жақсы білетін тәжірибелі маманның бірі. Астықты өңір Қостанай облысында егін өсірумен айналысқанына 40 жылға жуықтаған. 2,5 мың гектар алқабында арпа-бидай мен асбұршақ және зығыр өсіретін ол өнім өткізу ісі жолға қойылғанын айтады. Алайда трейдерлер мен диірмендер егін орағы басталғанда арзан баға ұсынатынына наразы.
Бауыржан Барсақбаев, шаруа қожалығының жетекшісі:
-Міне, 4-ші жыл қатарынан астыққа қатысты тұрақты баға жоқ. Соңғы үш жылда әр тоннасы үшін 45-50 мың теңгеден беруге мәжбүр болдық. Бұл шығынды ақтамайды. Бұның шешімі бар. Мәселен, осыдан 20 жыл бұрын негізгі сатып алушы азық-түлік корпорациясы еді. Оның ұсынған бағасы өте лайықты болды жән біздің жұмысымыз тұрақты жүрді.Сарапшылар астық бағасы бәсекелестік ортада үнемі құбылмалы болатынын айтады. Өткен жылы 25 миллион тоннадан астам өнім сатылған. Бұл рекордтық көрсеткіш. Енді қолда барды кәдеге жарату маңызды екенін атап өтуде. Яғни бидай ғана емес, одан өндірілген ұнды да сату маңызды. Сапарбай Жобаев, экономика ғылымдарының кандидаты:
-Бұрыңғыдай болу үшін көбірек жәрдем субсидия беру керек. Кейін кедендегі ұнға деген төлемдерді азайту керек. Сонда біздің ұнымыз өте бәсекелес болады. Өзбекстанда да диірмендер бар. Сол диірмендер тоқтап қалмау үшін олар бізден бәрібір бидайды талап ете береді. Біз енді екі мемлекет келісуіміз керек. Ал егерде біз үлкен нарықты игереміз, европалық нарықты игереміз дейтін болсақ, біз олардың талаптарына жауап беретін технологияларды қолдануымыз керек. Бұл әрине қосымша инвестицияны талап етеді.
Қазақстан соңғы бір жыл ішінде 9,8 млн тонна астық экспорттаған. Бүгінде өнімді әлем бойынша 45 ел тұтынып отыр. Тұрақты сатып алушылардың қатарында Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Иран және Әзірбайжан бар. Сондай-ақ биыл Европаның Ұлыбритания, Бельгия, Норвегия елдері де ала бастаған.
Мамандар бұны былтыр астықтың бітік шығуымен және шаруаларға үлкен қаржылай қолдау көрсетілуімен байланыстырады. Енді нарықта сұранысқа ие дақыл түрлері көбірек өсірілмек. Олжас Тлебалдин, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі:
-Бұл жерде майлы дақылдардың алқабы 4 миллион гектарға дейін жеткізілді. Одан кейін мал азығы дақылдары. Одан кейін әлеуметтік маңызы бар картоптың алқабы кеңейтіліп жатыр. Одан бөлек, бұршақты дақылдардың алқабы кеңейіп, бүгінгі таңға 700 мың гектардан асып отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің негізгі саясаты егістік алқаптарын әртараптандыру арқылы рентабелділігі жоғары өнімдерді шығару, және экспорттық сұранысқа ие ауыл-шаруашылығы тауарын өндіру. Қазір елдің 12 өңірінде көкөніс және ерте піскен өзге де дақыл түрлері жиналып жатыр. Ал жаппай егін орағы тамыздың соңына қарай басталмақ.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Айбын Құсанбеков