Бейбітшілік кеңесі атысты тоқтатуға шақырды

  • 8
  • 27.08.2026, 19:41

Газа Секторындағы жағдай әлі де тұрақталмай тұр. Бейбітшілік кеңесі Израильді аймақтағы атысты тоқтату режимін сақтауға шақырды. АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер қайта жанданады деген үміт бар. Жалпы екі ел арасындағы соғыс оты тұтанғалы бері әлем елдері орасан зор экономикалық шығынға батты. 

Бейбітшілік кеңесі Израильді Газа секторындағы атысты тоқтату режимін сақтауға шақырды. Бұл туралы The Times of Israel газеті хабарлады. Ұйымның мәлімдеуінше, нақты әрі тікелей қауіп төнген жағдайда ғана жауап ретінде күш қолдануға болады. Сонымен қатар Кеңес шекара маңындағы басқа да заңбұзушылықтарды тоқтатуды талап етті.

Бұған дейін Израиль билігі «Газа секторынан жарылғыш зат болуы мүмкін әуе шарлары жіберілді»,- деп айыптап, соққыларды қайта бастауға дайын екенін ескерткен еді.

Жарылғыш заттар табылмағанымен Израиль бұл әрекетті Хамас-тың арандатушылығы деп бағалады. Ал Хамас бұл оқиғаға қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

АҚШ - Иран келіссөздері қайта жандана ма?

Қатар Премьер-министрі АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздерді қайта жандандыру мақсатында Тегеранға барады. Бұл туралы Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі Исмаил Багаи мәлімдеді. Иран тарапының айтуынша, алдағы кездесуде Қатардың арағайындығы және аймақтағы өзге де мәселелер талқыланады. Сондай-ақ тараптар шиеленісті бәсеңдету жолдарын қарастырмақ.

Еуропаның шығыны артты. 

Ормуз бұғазындағы дағдарыс Еуроодаққа қазба отынына байланысты қосымша 41 млрд еуро көлемінде шығын әкелді.

Осыған байланысты Еуропалық және Халықаралық ұйымдар Урсула фон дер Ляйенді мұнай мен газдан бас тарту жоспарын ұсынуға шақырды.

Таяу Шығыстағы жеткізілімдердің бұзылуына байланысты қазба отынын импорттауға кеткен шығыннан ең көп зардап шеккен елдер қатарында Нидерланд, Италия, Франция және Испания бар.

Дубай әуежайында жолаушылар сиреді

Дубай халықаралық әуежайындағы жолаушылар легі күрт азайды.

Биыл екінші тоқсанда әуежай 13 млн жолаушыға қызмет көрсеткен. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 31% аз.

Рейстер саны да 150 мыңнан 62 мыңға дейін қысқарған. Ал жүк айналымы 28,7% төмендеді.

Бұған АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыс себеп болды. Әскери қимылдар салдарынан әуе қатынасы бұзылып, әуе компаниялары ақпан айынан бері бірқатар бағыт бойынша рейстерін орындай алмай отыр.

Бірақ компаниялар жағдайдың тұрақталатынына сенім білдіруде. Дубай халықаралық әуежайы жылына 100 млн жолаушыға қызмет көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.

Арайлым Жақсылыққызы