Жасанды интеллект адамның орнын алмастыра ма?
Бірі оны прогресс десе, енді бірі жаңа технологияны жаппай енгізу адамның ойлау қабілетін әлсіретеді деп алаңдаулы.
Телеэкранның оң жағында біздің тележүргізуші Мөлдір Доспаева жаңалықтарды ЖИ көмегімен жүргізіп отыр. Ал сол жақ экранда оның шынайы бейнесі. Бірақ айырмашылық аса байқалмайды. Яғни алдағы уақытта жасанды нейрожелі арқылы телевизия жұмысы да жеңілдейді. Студияда бұрыңғыдай кемі 10 адамның жүруі қажет болмай қалады. Тіпті студияның өзі артық болатын шығар.
Бірақ алаңдауға себеп жоқ емес. Бүкіләлемдік экономикалық форум 85 миллион адамның жұмыссыз қалатынын болжады. Біздің елде жыл соңына дейін жасанды интеллект негізінде 50-ден астам көмекші әзірленбек. Яғни нақты біздің елде тың күш жұмысшыларды ығыстыра қоймасы анық.
Дулат Мамырқұл, ҚР ЦДИАӨМ Білім және кадрларды даярлау басқармасының басшысы:
- Жасанды интеллект адамды алмастырмайды. Керісінше адамды толықтыратын болады. Яғни бұл адамға көмекші ретінде өзінің ақпаратын алуына, жұмысын тиімді атқаруына және де жылдамдатуға ықпалын тигізетін болады.
Мысалы, мына қондырғы зауыттағы қойманың толып кетпеуін жасанды интеллект арқылы қадағалайды.
Ерасыл Нұрикенов, Астана жоғары политехникалық колледжінің мұғалімі:
- Дайын өнімнің «складка» түскенін камера арқылы бақылап отырады. Біз зауытта жасанды интеллект орнатумен ауыр жүк көтеретін адамдардың жұмыстарын жеңілдетеміз. Батырманы басу арқылы бүкіл процесс автоматтандырылған болады.
Цифрландыруды бастап кеткендердің бірі Талдықорғандағы жоғары политехникалық колледжі. Олар шаруалардың жұмысын оңтайландыру үшін қашықтан басқарылатын дрон жүйесін пайдаланды.
Шыңғыс Нұрғожаев, Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің директоры:
- Мысалы, шаруаға егіс алқабын толықтай қарап шығу керек болса мониторинг жасауға болады. Дрондарымыздың 2 типінде жасанды интеллект жүйесі бар. Яғни дрондар қараңғы уақытта алдындағы кезіккен бөгеттерден өздері айналып, обьектіні мүлтіксіз жібермей бақылай алады.
Сонымен жасанды интеллект адамның орнын баса ма? Озамыз ба, опық жейміз бе?
Дәулет Әждар, нейрожелі бойынша сарапшы:
- Жасанды интеллекттер, ChatGPT секілді нейрожелілер күрт тез дамып кетті. Одан қорқудың қажеті жоқ. Бірақтан да жасанды интеллектті жақсы, жоғары деңгейде меңгерген адам, маман жасанды интеллектті меңгермеген адамдардың орнын басады.
Мамандар пікіріне сүйенсек, жасанды интеллект адамның орнын баса қоюы неғайбыл. Дегенмен оны тиімді пайдалану да, бақылаусыз жіберу де оп-оңай. Білімді мыңды жығатын уақыт келе жатқанын түсінбек керек.