Хабар телеарнасы

Медицина саласына ЖИ технологиялары көптеп енгізіле бастады

Медицина саласына жасанды интеллект технологиялары көптеп енгізіле бастады. Нейрожелі адам диагнозын дәл тауып қана қоймай, пациенттерді емдеу жоспарын да құра алады. Тіпті ақылды технология арқылы адамға кеңес беретін сервис те қолданысқа енбек. Мұның оңы мен солы қандай?
 
Цифрландыру арқасында бүгінде дәрігерге онлайн жазылып, мұғалімнің алдына бармай-ақ білім алуға болады. Тіпті сауданы үйден шықпай-ақ жасауға да мүмкіндік артты. Цифрлық технологиялар барлық салаларда кеңінен қолданылып, жасанды интеллекттің ықпалы артып келеді.

Астана қаласындағы 3 емханада онкологияны жасанды интеллектің көмегімен анықтайтын жүйе іске қосылмақ. Оны 17 жастағы Асылжан Абдуллаев ойлап тапты. Жас ғалымның бұл жүйесіне шетелдік IT саласындағы жоғары компаниялар да қызығушылық танытқан. 

Асылжан Абдуллаев, Astana IT университетінің 1 курс студенті :

-Біздің басты мақсатымыз – ол радиологтар мен онкологтарға олардың жұмысын автоматизациялау арқылы қатерлі ісікті 1 сағат немесе 30 минутта емес, 3 минутта біздің сайтқа жүктеу арқылы, яғни потологияны тауып беру. Әрі қарай операциядан кейін жаңағыны экспертизаға жіберу керек болады. Біз болашақта рактың бір түрін ғана емес, бірнеше түрін қамтимыз деп отырмыз. 

Мамандар осындай IT жобалар кез келген салада шешім қабылдау кезінде туындайтын қателіктерді болдырмауға мүмкіндік беретінін айтады.

Нұргүл  Батырханова, эпидемиолог- дәрігер:

-Жасанды интеллект алгоритмдері рентген суреттерін, МРТ немесе КТ нәтижелерін тексеру кезінде дәрігерлердің жұмысын орасан зор жеңілдетуде. Бұл жүйелер айтатын болсақ, адамдарға қарағанда әлдеқайда жылдам, нақты нәтижелер бере алады. 

Жасанды интеллект бара-бара медицинаның бір бөлшегіне айналары сөзсіз. 

Нұрхат Жақиев, Astana IT University Ғылым және инновация департаментінің директоры:

-ІТ университетінің ғалымдары түрлі ғылыми жобаларды жүзеге асыруда. Өздерінің зерттеу нәтижелерін конфернцияларда баяндап, әлемге танылтуда. Мысалы, медицина болсын, басқа бір үлкен деректерді саралауда адам көп факторды ескермеуі мүмкін, ал жасанды интеллект болса, 100 шақты факторды біріктіріп, ең оңтайлы деген жолды ұсынуы мүмкін. 

Иә, технология дәуірі басталып кеткелі қашан?! Бүгінгі күні жас ғалымдардың 20-дан астам жобасы аяқталып, 50 жобаның гранттық қаржыландыруы жүріп жатыр. Бұдан заман ағымына қарай қазақ жастары креативті индустрияны меңгеруге ынталы екенін байқаймыз. Оларға тек мемлекет тарапынан қолдау керек. 

Авторлары: Айгерім Шағатай, Ербол Меңдіғалиев