Хабар телеарнасы

Қазақ әйелдерінің ғылымдағы рөлі артты

Жойылып бара жатқан өсімдіктерді сақтау, зертхана ішінде табиғатты қайта жаңғырту... Бұл қазақстандық ғалымдардың күнделікті еңбегі. Ал зерттеудің басы-қасында жүрген нәзік жандар аз емес. 

Бұл ғылым саласында 35 жылдық еңбек өтілімі бар, 10 инновациялық патенттің авторы Алмагүл Какимжанова. Өсімдіктер биотехнологиясын зерттеп, зерделеп жүрген ғалым әйел бидайдың «Қазақстан 20» және «Ақ Орда» атты жаңа сұрыптарын, сондай-ақ фузариоз ауруына төзімді «Астаналық» картоп сортын ойлап тапқан. 

Алмагүл Кәкімжанова, Ұлттық биотехнология орталығы Өсімдіктер биотехнологиясы және селекциясы зертханасының меңгерушісі: 

- Біз классикалық биотехнология әдістерімен жаңа өсімдіктердің түрлерін, жаңа өсімдіктің сорттарын, бидай мен картоптан жаңа сорттар алдық. Бидайда гаплоидты технология қолданамыз және клеткалық селекция технологиясын. Гаплоидтық технология тозаң қаптарын, соларды жасанды ортаға салып, эмбриодтар алып, содан өсімдік регенеранттар алып, солай шығарамыз 

Ғалымның айтуынша, өсімдіктердің жаңа түрін өсіруге Дүниежүзілік Банктен коммерциялық жоба жеңіп алған. Нәтижесінде 2 жылыжай құрдық, - дейді ол. Байқағанымыздай, ғылымда табандылық пен жауапкершілік қажет. Бұл қасиеттер әсіресе әйел ғалымдарға тән. 

Алмагүл Кәкімжанова, Ұлттық биотехнология орталығы Өсімдіктер биотехнологиясы және селекциясы зертханасының меңгерушісі: 

- Әйел адамдардың бір жақсы жері  –  ғалымдардың шыдамдылықтары мықты болады. Бір кішкентай нәзік, күрделі заттарды ер адамдардан қарағанда жақсы істейді. 

Тарихқа көз жүгіртсек, өткен ғасырдағы қазақ әйелдерінің де ғылымдағы рөлі зор. 

Гульмира Асанова, тарих ғылымдарының кандидаты, PhD, Астана халықаралық университетінің Өнер және әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің профессоры: 

- Гүлсім Асфендиярова – белгілі Санжар Асфендияровтың апасы. Ол алғашқы қазақ әйел дәрігер. Хуснижамал Нұралыханова. Ол педагогикамен айналысқан алғашқы әйел және де қазақ қыздарына арналған алғашқы мектеп ашқан. Сонымен қатар Аққағаз Досжанова деген ғалым ол да Ресейде медициналық  білім алып, медицина саласын ұйымдастырып және тек қана медициналық емес, ұйымдастыру, педагогикалық қызметпен айналысқан. 

Тарихта таңба қалдырған ғалым апаларымыздың жолы ескірмеді. Керісінше, зерттеуші әйелдердің үлесі артуда. Мәселен, Қазақстанда 22 мыңға жуық ғалым болса, оның 54%-і – әйелдер. 

Әлия Тәжібай, Қанат Абильдин, Самат Сулейманов