Кезіндегі ең құпия әрі жабық зауыттың конвейерларынан қазір секундына 3 таблетка шығарылады. Оның әрқайсысы қуаты жөнінен 700 келі көмірді алмастырады. Өндірістің өркендеуіне байланысты атом электр стансасына қажетті жылу бөлгіш құрылғылар жасау ісі де жылына 300 тоннаға жетті.
Атом энергетикасына арналған отын өндірісі елімізде негізінен Шығыс Қазақстанда шоғырланған. Жергілікті металлургия зауытында уран таблеткаларын шығару тәсілдері жыл санап жетілуде. Қуат тасымалдаушылар автоматтандырылған технология көмегімен микронға дейінгі дәлдікпен дайындалады. Қазір конвейердан әр секунд сайын 3 таблетка түседі.
Манарбек Қылышқанов, Үлбі металлургиялық зауытының ғылыми орталық жетекшісі:
- Аймақта екі өндіріс орналасқан. Біріншісі Үлбі металлургиялық зауытының уран өндірісі. Ол жерде бізде табиғи уран концентратын тазалап, одан ұнтақ түрінде уран тотығын аламыз. Одан әрі қарай байытылған уран келеді бізге. Одан уран диоксиді тотығын алады да, таблеткалар жасалады. Сол шығарылған таблеткалар кейін Үлбі ТВС мекемесіне беріледі де, ядролық отын дайындауға жіберіледі. Осы мекменің жалпы уран бойынша өнімділігі жылына – 200 тонна.
Салмағы 7,7 грамм болатын бір уран таблекасының жылу бөлу коэффициенті 700 келі көмірмен тең. Заманауи қуат көздерінің қаншалықты күшті екенін есептей беріңіз. Сондықтан да зауытта ядролық отын өндірісін жетілдіруге баса мән берілген. Уран таблеткаларынан атом электр стансаларына пайдаланылатын жаппай жылу бөлетін құрылғылар әзірленеді. Жергілікті мамандар өндірісті алғашқы отандық атом стансасының сұранысына бейімдеуге ниетті.
Владимир Вахненко, Өскемен металлургия зауытының бас инженері:
- Бізде француз және қытай атом электр стансаларына қолданылатын құрылғыларға уран таблеткаларын әзірлеуде мол тәжірибе бар. Егер экономикалық тұрғыдан тиімділігі нақтыланса, біз кез келген сұранысқа әзірміз.
Атом энергетикасының ауқымын арттыруға елімізде барлық мүмкіндік бар. Сарапшылардың пікірінше, биыл республикада 25 мың тоннадай уран өндіріледі. Атом энергетикасы агенттігінің болжамына сүйенсек, алғашқы отандық АЭС 2035 жылға қарай іске қосылады. Оған дейін қолда бар көмір жылу электро стансаларының жұмыс істеу мерзімі 70 жылдан асып кетпек. Алайда энергосектордағы ахуал қазірдің өзінде алаңдатарлықтай. Тәулігіне 20 мың тонна көмір жағу барысында атмосфераға 140 тоннаға дейін шаң-тозаң мен 200 тоннадай азот оксиді тарайды екен. Ал атом электр стансаларының қоршаған ортаға шығаратын көміртегі диоксидінің мөлшері нөлге тең.
Е.Жылқайдарұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин