Білім саласы енді тек әлеуметтік міндет қана емес, мемлекеттің стратегиялық бағыты болмақ. «Халықтық референдумға шығарылған Конституцияның жаңа жобасында адам капиталы, зияткерлік әлеует және технологиялық даму ел болашағының негізгі тірегі ретінде бағаланып отыр», - дейді сарапшылар.
Қолданыстағы Конституцияда білім тек азаматтардың құқығы ретінде қарастырылған еді. Ал Конституцияның жаңа жобасында мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуының негізгі құндылығы және стратегиялық басым бағыты ретінде көрсетілген. Білім, ғылым, инновация ұғымы Ата заңның преамбуласында жазылған.
Екатерина Смолякова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Яғни енді кез келген мемлекеттік бюджет болсын талқылап жатса немесе бір маңызды республикалық бағдарламалар болсын. Кез келген жерде, кез келген жобада білім-ғылымға ең бірінші кезекте қаржы бөлінеді. Олар басымдылыққа ие. Яғни бірінші кезекте тұрады, оған ешкім дауаласпайды деген сөз. Яғни біздің азаматтарымыздың, балаларымыздың, соның ішінде өзінің әлеуетін толыққанды өз елінде жүріп ашуына мына Конституция толық кепілдік бере алады.
Конституциялық комиссияға 12 мыңнан астам ұсыныс келіп түссе, соның айтарлықтай бөлігі білім саласына қатысты болған. Ұсыныс бергендердің дені әрине, ұстаздар қауымы мен ғылыми қауымдастық. «Жаңа жобада сол ұсыныстардың дені ескерілді», - дейді ғалымдар.
Индира Рыстина, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры:
- Ол дегеніміз білімді ұрпақ, ғылыми негізделген шешімдер және инновацияға толы коммерцияланған өнімдер болады деген сөз. Ал ол мемлекеттің тек қана минералды жер қойнауларына ғана емес, адамдық капиталға басымдық беріп жатыр. Яғни біз болашақта өзімізді жақсы мемлекет, дамыған мемлекет ретіне қалыптастыру үшін біз ең біріншіден, адами капиталымызды көтеру керекпіз деген ұстанымды мемлекет те қолдап отыр.
Қолданыстағы Конституцияның 30-бабында: «Азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына кепілдік беріледі, сондай-ақ орта білім алу міндетті болып табылады», - деп жазылған. Ал жаңа редакцияда «тегін» сөзі «ақы төлемей» терминіне өзгертілген.
Снежанна Имашева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Әлемде ешнәрсе тегін емес. Осы білім де, медицина да. Бұның барлығына қайткен күнде де ақша төлеу керек. Мысалы, ауруханаға жатасыз ба? Ол жерде дәрігердің жұмысы бар, ол төленеді. Түрлі-түрлі дәрмектер бар. Ол шетелден келеді. Егер де азаматқа бұл тегін болса да, бұған Үкімет төлейді. Сондықтан азамат үшін ол ақысыз қызметтер, өзі төлемей ала береді. Бірақ білімге және медициналық көмекке мемлекет төлейді, кепілдік береді.
Демек баланың ақысыз білім алып, ғылым мен инновацияға бет бұрып, өз әлеуетін толық жүзеге асыруына барлық негіз бар.
Алуа Маханбет