Өңірде осы кеселге шалдыққандар 40 мыңға жеткен. Соның 2 мыңға жуығы инсулинге тәуелді. Ересектер ғана емес, балалардың да сырқаттануы жиілеген. Тіпті жаңа туған сәбилердің де осы аурумен ауыратыны анықталған. Дәрігерлер: «Дерттің дер кезінде алдын алмаса, адамдардың мүгедек болу қаупі жоғары», - деп дабыл қағады.
Жанына шипа іздеген жандардың бірі Нұрбол Күнеділов. Оның қант диабетіне шалдыққанына он жылға жуықтапты. Қазір облыстық клиникалық ауруханада ем қабылдап жатыр. Бұған дейін бармаған жері мен ішпеген дәрі-дәрмегі жоқ. Кейінгі кездері тез шаршап, ашуға жиі бой алдыратын болып кеткенін де жасырмайды. «Сондықтан қауіпті дерттің алдын алу үшін өзіңді күтіп, дәрігерге уақытылы қаралып отыру қажет», - дейді ол.
Нұрбол Күнеділов, қала тұрғыны:
- Бұл аурудың пайда болуын сіз білмей де қаласыз. Сіздің ойлау жүйеңізге байланысты. Қандай бір стресс болған жағдайда осы ауру пайда болады. Тамақтану жүйесін қалыптастыру, дәрігердің не айтқанын бұлжытпай орындау арқылы ғана жеңіл шешіледі деп ойлаймын. Осы клиникаға жылына бір рет жоспарлы түрде жатамын.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
- Қарағанды облысында 40 мың адам қант диабетімен ауырады. Соңғы екі жылда бұл дертке шалдыққандар 8 пайызға көбейген. Қант диабетімен ауыратындар қатарында ересектер ғана емес, балалар да бар. «Тіпті жаңа туған сәбилерде де кездесіп жатыр», - дейді дәрігерлер.
Былтыр дерті әбден меңдеген 100-ге жуық науқасқа операция жасалып, саусағы мен аяғы кесілген. Кейінгі кездері диабетпен ауыратын балалар да көбейіп кеткен. Өңірде 450 бала осы ағзаның созылмалы ауруымен ауырады. Олардың басым көпшілігі инсулинге тәуелді.
Евгений Морозов, диабеттік табан орталығының директоры:
- Қант диабетімен ауыратындар екі топқа бөлінеді. Біріншісі – туабітті, яғни адамның ағзасында глюкоза игерілмейді. Сондықтан өмір бойына инсулинге тәуелді болып жүреді. Ал екіншісі – жүре дертке шалдыққандар. Оған дұрыс тамақтанбау, денсаулыққа күтім жасамау, қатты уайымға берілу сынды себептер түрткі болуы мүмкін.
Қазір қант диабетімен енді есепке алынған тұрғындар да орталыққа шақыртылады. «Ауруын асқындырып алмас үшін профилактикалық шараның маңызы зор», - дейді дәрігерлер. Науқастар бірінші кезекте дұрыс тамақтану қажет. Көпшілік арасында сусамыр дерті көбеймес үшін қазір емханаларда дұрыс тамақтануды үйрететін кабинеттер жұмыс істейді.
Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит