Алматыда бұрын қызылшаға қарсы екпе алмаған 18 жасқа дейінгілерді қосымша иммундау жалғасып жатыр. Өкініштісі сол, қалада қызылшамен ауырғандар саны азаяр емес. Былтыр ауру жұқтырған 460 науқас тіркелсе, биыл жыл басынан бері 482 жағдай есепке алынған. Сырқаттанғандардың 93 проценті – бала. Көбі екпе алмаған. «Бұл ауру ошақтарының көбеюіне тікелей әсер етеді», - дейді мамандар.
Ауа арқылы таралатын инфекция қаладағы 37 мектептің оқушыларынан, ересектерден, әскери қызметшілер мен жұмыссыз азаматтардан анықталған. Инфекция ошақтарының барлығында эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілді. Бұдан сақтанудың жалғыз жолы – екпе салдыру.
Алмаш Ахметова, Алматы қаласы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы:
- Өте контагиозды инфекция. Ең бір қатерлісі – қызылшаның ауруының асқынуы. Оның асқынуларға не жатады? Отит дейміз, құлақтың, орта құлақтың асқынуы. Ол кереңдікке әкелуі мүмкін. Конъюнктивит болады. Ең бір қиын асқынуы ол – энцефолит. Бұл орталық нерв жүйесінің зақымдануы. Науқас ауырып қалып, артынан ұмытып кетеді. 5 жылдан кейін де осы асқынуы пайда болады. Ол қызылшамен ауырып кеткенін де ұмытып қалады.