Жедел медициналық жәрдем қызметіне жылына 8 миллионға дейін шақырту түседі. Тек биылғы жылдың бірінші тоқсанында 1 миллион 800 мыңнан астам адамға медициналық көмек көрсетілген. Статистикаға сүйенсек, алғашқы көмектің сапасы артып, өлім-жітім 0,2 пайызға төмендеген.
Мұратбек Сарыбаев жедел жәрдем қызметкері болып еңбек етіп келе жатқанына биыл 18 жыл. Тағдырдың жазуымен талай сәбидің кіндігін кесіп, өмір сыйласа, кейде жастар мен қарттардың соңғы деміне куә болған. «Ажалдан арашалап қалған әр сәтім кәсібіме деген махаббатымды арттыра түседі»,- дейді маман.
Мұратбек Сарыбаев, жедел жәрдем қызметкері:
-Барлық шақыртуларға кішкентай баладан егде кісілерге дейін себебіне байланысты қызмет көрсете береміз. Ауыр жағдайлар да көп болады. Жүрек талмасы, қан кету деректері кездесті. Жоғарғы биіктіктен құлаған кездер де болды. Өзімнің жұмысымды сүйіп істеймін.
Елімізде жедел көмектің келу уақыты науқастың ахуалына байланысты төрт санатқа жіктелген. Егер адам өміріне тікелей қауіп төнсе, бригада 10 минут ішінде жетуі шарт. Ал жағдайы тұрақты, бірақ асқыну қатері бар жандарға 15-тен 30 минутқа дейін уақыт қарастырылған. Заң бойынша созылмалы дертке шалдыққандар мен жеңіл дәрежелі шақыртуларға мамандар бір сағатта жетуі шарт. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, жедел жәрдем қызметкерлері бір кезекшілікте 14-16 науқасқа қызмет көрсетеді. Ал елордадағы мамандар бір кезекшілікте 18-20 шақыртуға шығады. Бұған халық санының артуы тікелей әсер етіп отыр. Мамандар қатты қажеттілік туған жағдайда ғана жедел жәрдем қызметкерлеріне жүгінуді үндейді.
Елімізде соңғы үш жылда диспетчерлік кеңес беру жүйесі енгізілді. Енді мамандар жедел жәрдем жеткенше, телефон арқылы алғашқы көмек көрсетуге нұсқау беріледі. Осылайша бүгінге дейін 49 адамның өміріне төнген қауіп сейілген.
Арайлым Дүйсенбаева, диспетчер:
- Жедел жәрдемге шалынған қоңыраулар ең бірінші бізге түседі. Жедел жәрдем келгенге дейін онлайн көмек көрсету бірінші және екінші санаттағы шақыртулар кезінде жүзеге асырылады. Бізге ес-түссіз жатқандар, сіңірі тартылған судороги және қақалып қалған балалар, эпилепсия ұстамасы немесе «асылып қалды» деген сияқты ауыр шақыртулар түседі.
Күн сайын 103 желісіне 3,5 мыңға жуық қоңырау түседі. Ал маусымдық дерт өршіген қазан мен желтоқсан айларында бұл жүктеме екі еседен асып, тәуліктік шақырту саны 9 мыңға дейін жетеді. Қазіргі таңда елордада 1400-ге жуық маман қызмет етеді. Ал тәулігіне 100 бригада қала тұрғындарының денсаулығы үшін үзіліссіз кезекшілік атқаруда.
Бота Сәдетхан, қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы директорының медицина жұмысы жөніндегі орынбасары:
-Қазіргі таңда жедел жәрдем медицина саласындағы ең қолжетімді қызмет түрі болғандықтан және фельдшерлеріміздің білімі жан-жақты жетілгендіктен, біздің көмегімізге жүгінушілер саны жылдан-жылға артуда. Жыл басынан бері 16 сәтті реанимация тіркелді.
Бүгінде отандық жедел жәрдем жүйесі 20 дербес станция мен 300-ге жуық қалалық және аудандық бөлімшені біріктіріп отыр. Бұл ауқымды құрылымның жұмысын Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы қадағалайды. Автопарктер жаңартылып, заманауи цифрлық шешімдер енгізілді. Нәтижесінде, қызмет көрсету сапасы артып, мамандардың кәсіби біліктілігі жаңа деңгейге көтерілді.
Диана Қадыр, Канат Махмутов