Алматыда таулы аймақты пластиктен тазарту жобасы жүзеге асырылды

  • 130
  • 04.06.2025, 18:44

Пластик әлемге қауіп төндіріп тұр. Оны қолданған соң қайта кәдеге жаратқан абзал. Бірақ бұл іс кез келген мемлекеттің қолынан келе бермейді. Қазақстанда жыл сайын 300 мың тоннадан астам пластик қалдығы түзіледі. Соның 100 мың тоннаға жуығы ғана қайта өңделеді. Табиғатты қалай ластамауға болады? 

Алматыда Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні аясында осы тақырыпқа арналған баспасөз туры ұйымдастырылды. Шараны «Тұрақты дамуға көмектесу» орталығы ұйымдастырды. Сондай-ақ оған БҰҰ-ның Қоршаған орта бағдарламасы хатшылығының өкілдері қолдау білдірді.

5 маусым Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні. Табиғат жанашырлары осы жылды пластик қалдықтарымен күресуге арнапты. Қоғам болып жұмылмай, бұл мәселені шешу қиын. 1,5 жыл бұрын БҰҰ-ның Қоршаған орта бағдарламасы хатшылығының таулы аймақты пластиктен тазарту жобасы Алматыда қолға алынған еді. Атап айтқанда, «Аюсай» туристік ақпараттық орталығында іске асырылды. 

Жәнібек Мұқанов, жоба үйлестірушісі:

- Қазақстан әлемде осындай жобаны жүзеге асырылып отырған 11 мемлекеттің біреуі болып отыр. Біз «Аюсай» визит орталығына қалдықтарды бөлек жинау жүйесін енгізген болатынбыз. Осы инфраструктура арқылы Аюсай басшылығы туристеріне қалдықтарды бөлек жинауға мүмкіндік беріп отыр.

Демалыс орнында шыны, қағаз, алюминий, пластик жеке салынады. Қоқыс қалдықтары өңдеуге дайын күйде жеткізіледі. 

Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:

- Бұл пресс-машина таулы аймақы пластиктен қорғау жобасы аясында осы Аюсай шатқалына қойылған. Пресс қондырғының артықшылығы мынадай пластик ыдыстар мен бөтелкелерді сығымдап шығарады.

Әр бөтелкенің салмағы 20 граммға да жетпейді. Пресс-машина мынандай бумаға 5 мыңнан аса бөтелкені сыйдырып жібереді. Аюсай шатқалында кез келген жерге қоқыс жәшігін қоюға болмайды. Себебі тау басындағы аңдар туристер тастаған  тамақ қалдығының иісін сезіп төмен түсуі мүмкін. Сондықтан жәшіктер орталық жанында ғана болады.

Мехрнуш Азоди, UNEP ғылыми-техникалық көмек көрсету секторының  бағдарлама қызметкері:

- Біздің жобаның мақсаты таулы аймақты пластиктен тазарту. Пластик 400 жылға дейін ыдырамайды. Бүкіл ел болып мынандай әсем табиғатты қорғауға тиіспіз.  Қоршаған ортаны аялауға әлем халқы болып үн қосса екен дейміз. Біз Қазақстаннан өзге тағы бірнше елде осындай жобаларды жүзеге асыруға атсалысып жатырмыз. 

Пластиктен арылудың ең тиімді жолы қайта өңдеп кәдеге жарату. Өкінішке қарай ондай кәсіпорындар елімізде санаулы ғана. Солардың бірі Алматы облсында орналасқан тұрмысқа қажетті 2,5 мыңға жуық тауар түрін шығаратын зауыт. Ол айына 300 тонна пластик қалдығын өңдейді.  

Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:

- Бұл термопласт автомат қондырғысы. Ішінідегі қалпын ауысытырып тұруға болады. Қазіргі сәтте қатты пластмас грануласынан орындық жасап жатыр. Орындық 200 градус ыстықта 2- 3 минуттің ішінде әзір болады. 

Таулы аймақты пластиктен арылту жобасы аяқталғанмен, бұл қолға алынған жұмыстар жалғасады. Қоқысқа араласпай, бірден сұрыпталған пластиктың бағасы да қымбат болады. 

Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов