Елімізде жайылымдық жерлер жарамсыз күйге түсіп жатыр. Қазірдің өзінде миллиондаған гектар жер тозған. Мамандардың айтуынша, бұл мәселеге дұрыс көңіл бөлінбесе, арты үлкен қасіретке алып келуі мүмкін. Мал шаруашылығынан өзге, азық-түлік қауіпсіздігі мен экологияға үлкен қауіп. Мамандар кешенді шаралар қолға алынуы керегін айтады.
Қазақстан жайылымдық жер көлемі бойынша әлемде бесінші орында. 187 миллион гектар алқап мал жаюға арналған. Бұл ауыл шаруашылығы қорының 70% құрайды. Алайда жартысына жуығы жарамсыз күйге түскен. Мамандардың айтуынша, бұған топырақ эрозиясы мен желдің әсері болған.
Айгүл Соловьева, «Қазақстанның Экологиялық ұйымдары қауымдастығы» ЗТБ басқарма төрағасы:
-Біздің экологиялық ұйымдар қауымдастығы деградацияға ұшыраған жерлерді зерттеп, жайылымдарды дұрыс басқару жолдарын қарастырып жатыр. Мақсат – жер эрозиясына жол бермеу. Агломерация және жайылымдарды қалпына келтіру жобасы аясында біз қазіргі таңда топырақтың жағдайын зерттеп жатырмыз.
Бірнеше жыл бұрын жүргізілген зерттеулер еліміздегі жайылымдардың басым бөлігі нашар жағдайда екенін көрсеткен. Кейбірінде мүлде өсімдік өспейді. Жайылымның 10% қанағаттанарлық күйде небәрі 2% ғана жақсы күйде деп көрсетілген. Жері құнарлы дегені Қостанай мен Шығыс Қазақстан облыстарында.
Мұрат Теміржанов, ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы:
-Қазіргі уақытта Парламентте топырақты қорғауға бағытталған заң жобасы қаралып жатыр. Бұл заңда топырақтың деградациясымен күресу және оны сақтау бойынша жаңа тәсілдер мен маңызды өзгерістер қарастырылған. Оның ішінде фермерлер мен жер пайдаланушылардың осындай экологиялық технологияларға қызығушылығын арттыру үшін ынталандыру шаралары енгізілмек. Яғни фермер тек өнім өндіріп қана қоймай, топыраққа ұқыпты қарап, дұрыс технологияларды қолданғаны үшін де пассивті табыс ала алады.
Қазір жайылым мәселесімен бетпе-бет келіп отырған шаруалар ғана. Олар көпжылдық шөп өсіру үшін де тамшылатып суару әдісін қолданып келеді. Оның өзі де әжептәуір шығын дейді.
Манап Құлбасов, шаруа қожалығының басшысы:
-Біз 100 гектарға жоңышқа ектік. Суару әдісі, құрылғылар бар. Оған электр энергиясы қажет. Одан бөлек жұмысшыларға да жалақы төлеу керек. Былтыр мұндай шығындарға субсидия болған жоқ.
Мамандар жарамсыз күйге түскен жерлерге климаттық ерекшелігіне сай өсімдік түрін егіп, қайта қалпына келтіру керектігін айтады. Қазақстан экология бойынша Париж келісіміне қол қойған елдер қатарында. Соған сәйкес парниктік газдарды өсімдіктер арқылы азайтуды көзделген.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Әйгерим Бегенова, Айдос Меделбеков