Хабар телеарнасы

Өзбекстанмен шекарада халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы ашылады

Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы ашылады. Бұл қарапайым тілмен айтсақ, екі ел арасындағы жаңа өндіріс әрі сауда нүктесі болады. Сенат тиісті келісімді ратификациялады. Бұдан өзге депутаттар елдегі түйткілдерді қозғап, жауаптыларға сауал жолдады. 

Жаңа орталық Қазақстанның «Атамекен», ал Өзбекстан тарапынан «Гулистан» бақылау-өткізу бекеттеріне жақын маңда орналасады. Кешенде ауыл шаруашылығы, фармацевтика, химия, тері өңдеу, тоқыма сынды салалардың өндірістік алаңдары, қоймалар бой көтереді. Көлік инфрақұрылымын дамытып, жүк тасымалын жеделдету жоспарлануда. Жоба құны 27 млрд теңге. Орталық келесі жылдың соңында іске қосылады деп күтілуде. Шамамен 5 мың адам жұмыспен қамтылады.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті сенатының төрағасы:

- Мақұлданған заң жаңа кооперация орталығының құқықтық негізін айқындайды. Бұл заң бауырлас екі елдің іскерлік байланыстарын арттыруға, сондай-ақ сауда-экономикалық қатынастарын дамытуға оң ықпал тигізеді деп сенеміз. 

Палата отырысынан соң Закиржан Кузиев қант өндірісі саласындағы мәселелер бойынша депутаттық сауал жолдады. Былтыр шаруалар 1,2 млн тонна өнім жиналған. Бірақ елімізде соның тек жартысы ғана өңделген.

Қант қызылшасын өңдейтін зауыттар қажет  

Закиржан Кузиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Неге көп өңдемейді? Себебі зауыттардағы жабдықтар әбден тозған. Тараз қант зауыты иелерінің инвестициялық міндеттемелерін орындауын тексеру керек. Ауыл шаруашылығы министрлігіне де сұрақ бар. Ведмоства биыл қант қызылшасының егіс алқабын  қысқартуды жоспарлап отыр. Бұл фермерлерге үлкен соққы болады. Себебі олар алдын ала техника сатып алып қойған. Біз Жамбыл және Жетісу облыстарында шағын қайта өңдеу зауыттарын салу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз.

Жерлеу қызметі неге жүгенсіз кетті? 

Ал Андрей Лукин жерлеу рәсімдерін ұйымдастыратын бюролардың қызметіне және осы салада мемлекеттік бақылаудың жоқтығына назар аударды. Оның сөзінше, жерлеу қызметінде көлеңкелі бизнес дамып жатыр.

Андрей Лукин, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:  

- Жерлеу қызметтері монополияға айналып барады. Олардың бағалары жеке әңгіме. Мәселен, пандемия кезінде жекеменшік операторлар жерлеу құнын 1 миллион теңгеге дейін көтерген. Жағдай осылай жалғасса, заңсыз жер телімдерін бөлу, орындарды қайта сату, тіпті заңсыз эксгумациялау сынды қиындықтарға әкелуі мүмкін.

Депутатар сондай-ақ жол апаттарының жиілеуі, жайылымдар тапшылығы, биозертханалардың ескіруі мен осы саладағы мамандардың жетіспеушілігі мәселелеріне алаңдаушылық білдірді.

Ердәулет Ыбырайұлы, Самат Сүлейменов