Мәжіліс республикалық бюджет жобасын қабылдады

  • 12
  • 22.10.2025, 19:30

Құжатта өңірлерді дамыту, ғылым, білім беру, медицина және басқа да салаларға басымдық берілген. Сонымен қатар отандық өндірісті дамытып, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған жобаларда қамтылған. Бұл мақсатқа 1 трлн теңге қайта бөлінетін болды. 

Алдағы үш жылға арналған республикалық бюджет. Ол елдегі әр салаға тікелей қатысты құжат. Сондықтан да Үкімет Мәжіліске келмес бұрын оны бірнеше рет талқылап, барлық тәуекелдерді пысықтаған. Содан шыққан қорытындыға сүйенсек, шығындар келесі жылы 27, одан кейінгі жылдары 29 трлн теңге болмақ. Кірістер 2026 жылы 19 трлн теңге, 2027 жылы 21 ал, 2028 жылы 23 трлн теңгеден асады деп болжанып отыр. Табыстың артуына не ықпал етпек? 

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:

 - Базалық нұсқаға сәйкес 2026 жылы ЖІӨ өсімі 5,4 пайызды, үш жылдағы орташа өсуі 5,3 пайызды  құрайды . Ішкі өнім 2026 жылы 183,8 трлн теңгеден 2028 жылы 229,8 трнл теңгеге дейін өседі. Өсім нақты сектордың өсуі есебінен қамтамасыз етілетін болады.

Мәселен, 2026 жылы әлеуметтік бағытқа 6,8 трлн теңге бөлінеді. Оның 2,7 трлн теңгесі денсаулық сақтау саласына бағытталады. Білім және ғылым саласына 901 млрд теңге жоспарлануда. Ал мәдениет, туризм және спортты дамытуға 263,5 млрд теңге қарастырылған. Нақты секторды дамытуға жұмсалатын қаражат 3,7 трлн теңге. Жиын барысында Мәжіліс депутаттары экономиканы нығайта түсу үшін қандай нақты шараларды көздеп отырғанын сұрады. 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Бюджеттік жоспарлау кезінде біз консервативтік тәсілді қолданамыз. Соңғы 3 жылда экономикамыз тұрақты өсіп келе жатыр. 2023 жылы 5,1% болды. Былтыр 5% өстік. Биыл өсу қарқыны жоғары болып тұр. Жалпы әлемдегі ахуалды қарасақ, әлемдік экономиканың орташа өсімі – 3%. Біздің ірі көршілерімізді және бізге маңызды елдерді қарайтын болсақ, олардың экономикалары да баяулап жатыр. Сондықтан Үкімет тарапынан тұрақты, қарқынды экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін біз бар күш-жігерімізді салып жатырмыз.

Мәселен, биыл Үкімет басшысы 190 индустриялық жоба іске қосылатындығын айтты. Жалпы еліміз бойынша 40 мыңға жуық тұрақты жұмыс орыны ашылды. Алайда инфляция ырық бермей барады. Қыркүйек айында оның деңгейі 12,9% болды. Таяуда оны төмендету бойынша шаралар жоспары жарияланатын болды. 

Жанарыс Райымбеков, экономист:

- Жалпы алғанда, инфляция мен шығындарды, әсіресе көлік және логистикалық шығындарды төмендететін болсақ, бұл өз кезегінде бюджет кірісінің ұлғаюына әкеледі. Сол қаражат экономикалық тиімділікті арттырады. Осы қарқынмен жұмыс істей берсек, белгілі уақытта бюджеттік трансферттерден құтылуға болады.

Айта кетейік, Мәжіліс депутаттары құжатты талқылау барысында 130-дан астам түзету ұсынған. Олардың бір бөлігі инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларға қосымша қаржы бөлуге бағытталған. Өңірлерді дамытуға қосымша 30 млрд теңге қарастырылғаны айтылды. Бұл қаражатты жылу және электр энергетика салаларын, газ бен су жабдықтарын жаңғыртуға жұмсау жоспарлануда.

Ердәулет Ыбырайұлы, Аманжол Байғазин