Жыл басынан бері елімізде жұмыртқа экспорты тоқтап тұр
Бұл – жалпы өндірілген өнімнің 45%. Ал биыл бірде-біреуі сыртқа сатылған жоқ. Соңғы үш-төрт жылда қазақстандық құс фабрикалары өз өнімдерімен Ресейдің ірі мегаполистерінде танылып үлгірді. Көрші елдің тұтынушыларын біздің өнімнің жоғары сапасы мен табиғи тазалығы қызықтырады.
Татьяна Гургурова, Челябі қаласының тұрғыны:
- Ең бастысы, қазақстандық азық-түлік өнімдерінің еш қоспасы жоқ. Олар құнарлы және экологиялық таза болып келеді.
Отандық азық-түлікке сұраныстың артқандығының бір дәлелі: соңғы 5 жылда жұмыртқа экспорты 16 есеге өсті. Әлі де өрістетуге болар еді. Алайда соңғы 3-4 айда ресейлік өндірушілер сауда бәсекесінде ұтымды баға ұсынып отыр.
Сергей Русаков, сауда компаниясының директоры:
- Қанша таза, құнарлы, сапалы дегенімізбен, баға саясаты өз дегенін істеді. Жергілікті фабрикалар жұмыртқаның әр данасының құнын 50 тиынға төмендетіп жіберді. Ал қазақстандық өндірушілер оған қарсы тұра алмай отыр.
Әрине, ресейлік ірі компаниялармен бәсекеге түсу оңай емес. Ондағы бір фабриканың өзі жылына млрд-тан астам жұмыртқа шығарады. Оның үстіне мемлекеттік қолдау да айрықша. Ресейдің кейбір аймағында құс фабрикаларына 50% дейін инвестициялық субсидия бөлінеді.
Ал бізде керісінше субсидияны қысқартпақ ойлары бар. Егер әр жұмыртқаға қаралған 3 теңге көмек қаржыдан қағылатын болса, қазақстандық кәсіпорындардың жағдайы қиындай түспек.
Қайрат Маишев, құс фабрикасының бас директоры:
- Өндіріс көлемі төмендейді. Сәйкесінше жұмысшыларды қысқартуға мәжбүр боламыз. Қазірдің өзінде фабрикада жұмыс істейтін 250 адам көптік етеді. Өндірісті әртараптандыруды да тоқтата тұруға тура келеді. Гофрокартон қораптарын, басқа заттарды шығару ойымызда бар еді, алайда жоба құрдымға кететін сияқты.
Қостанайлық құс өсірушілер: «Өндірісті тоқтатпау үшін жұмыртқа құнын қымбаттатуға мәжбүрміз», – дейді. Соны пайдаланып ресейлік өндірушілер арзан бағамен біздің ішкі нарықты да жаулай бастауы мүмкін. Олар: «2021 жылға дейінгі даму стратегиясына сәйкес белгіленген субсидияны қысқартуға не түрткі болғандығын түсінбей далмыз», – дейді.
Авторлары: Мағауия Қалиев. Сергей Трахтенберг